Бүгінде республика бойынша астық жинау маусымы толығымен аяқталыпты. Нәтижесінде 16 мың гектар алқаптан гектарына 17 центнер орташа өнімділігімен 27 млн тонна астық қамбаға құйылған. Бұл жөнінде Үкімет отырысына Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров айтып берді. Яғни, 2025 жылғы егін жинау науқанының қорытындысын жариялады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Биыл елімізде бидай 12, 2 млн гектар аумақтан жиналып, 20 млн тоннасы бастырылды. Бұл былтырмен салыстырғанда жарты миллион тоннаға көп. Егіс алқаптарын әртараптандыру нәтижесінде бидайдың егіс көлемі шамамен 900 мың гектарға қысқарғанымен өндіріс көлемі азаймай, керісінше артқан. Бұл – озық агротехнологиялардың тиімділігін тағы да дәлелдеп отыр.
Сонмын қатар биыл 4 млн тоннаға жуық арпа жиналған. Бұршақ дақылдарының түсімі алғаш рет 1 млн тоннаға жетті. Майлы дақылдар бойынша бүгінгі күннің өзінде рекордтық 4, 3 млн тонна жиналды. Және егін жинау жұмыстары жалғасып жатыр. Сонымен қатар 2,9 тонна картоп, 3,8 млн тонна көкөніс, 2,6 млн тонна бақша дақылдары жиналды. Мақта жинау жұмыстары аяқталды.
Тамшылатып суару технологиясын қолданғанның арқасында кейбір шаруашылықтар гектарынан 50 центнерге дейін өнім алды. Жалпы алғанда орташа өнімділік гектарына 30 центнер деңгейінде қалыптасып, 428 мың тонна шиіт мақта жианалды. Бұл былтырмен салыстырғанда 42 пайызға көп. Бұл ретте Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров әкімдіктерге мақта өсірудің дәстүрлі тәсілдерінен озық және тиімді технологияларға көшу бойынша жұмысты күшейту керегін тапсырып отыр.
– Фермерлердің агротехнологияларды сақтауына алдымен мемлекеттік қолдау тетіктері зор ықпал етті. Өткен маусым еліміздің ауыл шаруашылығы саласының тұрақты өсімін тағы бір мәрте көрсетті. Агротехникалық іс-шараларды қатаң сақтау жоғары сапалы өнімнің басты кепілі екеніне шаруалардың көбі көз жеткізді. 2 жыл қатарынан алынған нәтижелер өнімділіктің қолданыстағы технологияларға тікелей тәуелді екенін нақты дәлелдеп отыр.
Биыл дәнді-дақылдар бойынша ғана емес, бұршақ, майлы дақылдар секілді жоғары рентабельді әрі жоғары сұранысқа ие дақылдар тұрғысынан да рекордтық жыл болды. Бұл дақылдарға егіс алқаптарын әртараптандыру шеңберінде ерекше назар аударылды. Олар тек табысты емес, топырақтың құнарын арттырып, ауыспалы егісті жақсартады. Мысалы, бұршақ дақылдары топырақты азотпен байытып, кейінгі дақылдардың өнімділігін арттырады, – дейді Айдарбек Сапаров.
Биыл ерте жеңілдетілген несие беру бағдарламасы аясында қаржыландыру көлемі алғаш рет 1 трлн теңгеге жетті. Вегетациялық кезеңнің қорытындысы бойынша 1,8 млн тонна минералды тыңайтқыш енгізілді. Бұл ғылыми негізделген қажеттіліктің 56 пайызын құрайды. Элиталық тұқымдардың үлесі 9,5 пайыздан 11,5 пайызға дейін өсті. Ерте қаржыландыру бағдарламасы келер жылы да жалғасады.
1 қазаннан бастап 2026 жылғы көктемгі дала жұмыстарына өтінім қабылдау басталды. Қарашаның екінші онкүндігінен бастап шаруаларға револьверлі несие беру басталады. Бұл бір кепілдікпен жыл сайын несие алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар көлемі 250 млрд теңгеге жеткен жеңілдетілген лизинг бағадарламасы арқылы техника жаңарту қарқыны 6,5 пайызға жетіп, 2 жыл ішінде ауыл шаруашылығы техникасының тозуы 80 пайыздан 70 пайызға дейін төмендеді. Негізі астық өндіруші өңірлерде жүргізілген талдау агротехнологиялық сақтау мен өнімділік арасында тікелей байланыс барын көрсетті.
Мысалы барлық шаруашылықтың шамамен 60 пайызы гектарынан 15 центнерден 30 центнерге дейін өнім алса, 8 пайызы 30 центнерден аса өнім жинады. Осылайша, республика бойынша орташа өнімділік гектарынан 17 центнер деңгейінде қалыптсып, былтырмен салыстырған 5 пайызға жоғары болған. Дегенмен шаруашылықтардың шамамен 12 пайызында өнімділік әлі де төмен деңгейді. 5 центнерден 8 центнерге дейін қалып отыр.
– Аталған шаруашылықтар агротехнологияны жоғары деңгейде қолдану қажет. Осыған байланысты әкімдіктер 2028 жылға дейін ауыл шаруашылығының жалпы өнімін 2 еселеу жөніндегі жол картасындағы көрсеткіштерге жету мақсатында фермерлерді технологияларды сақтау, ынталандыру жұмыстарын күшейтуге тиіс. Алынған астық көлемі ішкі қажеттілікті толық қамтамасыз етеді. Әрі экспорттық әлеуетті де сақтап қалуға мүмкіндік береді. Өткен маусымда астық экспорты 47 пайызға артып, 13,4 млн тоннаға жетті. Бұл өсімге экспорттық субсидиялық бағдарламасы айтарлықтай ықпал етті.
Экспорт көлемін тұрақты ұстау мақстында бағдарламаның мерзімі 2026 жылдың 1 қыркүйегіне дейін ұлғайды. Биыл елдің астығы Бельгия, Португалия, Польша, Норвегия, Ұлыбритания, Вьетнам, Біріккен Араб Әмірліктері және Солтүстік Африка, оның ішінде, Морокко, Алжир, Мысыр елдеріне жетті. Ал Иран, Әзербайжан, Армения, Грузия бағыттарына экспорт қайта жанданды. Бұрын бұл бағыттарда көлем төмен түссе, енді қайта қалыпқа келді,– дейді спикер сөзін жалғап.
Шамамен 2 млн 200 мың тонна астық қазірдің өзінде шет елдерге экспортталған. Бұл былтырмен салыстырғанда 21 пайызға көп. Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйке астықты терең өңдеу бойынша 5 инвестициялық жоба іске асып келеді. Бұл жобалардың нәтижесінде нарықтан қосымша 2,5 млн тонна астық тартылады. Астық сақтау сиымдылығы республика бойынша 30 млн 700 мың тоннаны құрайды. Оның ішінде лицензияланған кәсіпорындарда 13, 3 млн тонна, шаруаларда 17,4 млн тонна. Жаңа өнімнен элеваторларға 7,7 млн тонна астық тапсырылды, бұл былтырмен салыстырғанда екі есе көп (2024 ж. – 3,4 млн тонна). Сақтауға тапсырылған жұмсақ бидайдың 53%-ы жоғары сапалы (56%), 35%-ы – төртінші сынып (28%), 12%-ы – төменгі сынып және сыныпсыз астық (16%).
Келер жылдың көктемгі егіс науқанына дайындық жұмыстары қазірден басталып кетті. Егіс алқаптарын әртараптандыру бағдарламасы жалғасады. Әрі жоғары рентабельді және экспортқа бағытталған дақылдарға басымдық беріледі. Ал суды көп қажет ететін дақылдар көлемі қысқарады. Келер жылдан бастап әртараптандыру көрсеткіштерін орындауға бақылау күшейеді. Сондықтан өңірлер қазірден бастап түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, егіс құрылымын алдын ала пысықтауға тиіс. Келесі маңызды бағыт – тұқымдық материалды сапалы дайындау саналады. Облыс әкімдіктерінің деректері бойынша, жалпы қажеттілік 2,3 млн тоннаны құрайды. Оның 96%-ы дайындалған.
– Әкімдіктерге тұқым сапасын тексеруді қазірден бастауды сұраймыз. 2026 жылы 2,3 млн тонна минералдық тыңайтқыш енгізу жоспарланған. Қажетті көлемдер бойынша келісімшарттарды уақтында жасап, қоймаларды дайындау қажет. Техниканы жаңарту да басты назарда. Келер жылғы жаңарту жоспары – 8%-ды құрайды. Жоғарыда атап өткенімдей, Үкімет тарапынан 2026 жылғы көктемгі егіс жұмыстарына несиелеу басталды. Сондықтан әкімдіктер барлық қаржыландыру жолдарын пайдаланып, фермерлердің барынша кең ауқымын қамтуы тиіс, – деп түйіндеді Айдарбек Сапаров.
Аграрлық маусымның қорытындыларына назар аударсақ, оң нәтижелерге қол жеткенін байқауға болады. Дегенмен Үкімет отырысында Айдарбек Сапаров әкімдіктерді бірнеше бағыттар бойынша шара қабылдауға шақырды. Оның ішінде майлы дақылдар, жүгері және қант қызылшасы бойынша егін жинауды уақтылы аяқтау, жиналған өнімнің сақталуын және өңделуін қамтамасыз ету, 2026 жылға қажетті тұқым көлемін толық дайындау, шаруалар мен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың Аграрлық несие корпорациясы алдындағы міндеттемелерін уақытылы орындауын қамтамасыз ету сынды тапсырмалар бар.

		