Сенат мұнай мен уран өндірісінің тәртібін түбегейлі өзгертетін заң жобасын екі оқылымда мақұлдап, Президенттің қол қоюына жіберді, деп хабарлайды Ertenmedia.
Жаңа құжат мұнай-газ саласының инвестициялық тартымдылығын арттырумен қатар, стратегиялық ресурс саналатын уран өндіруде мемлекет мүддесін қорғауды көздейді.
Енгізілген өзгерістің ауқымды бөлігі қиын өндірілетін мұнай түріне арналған. Әсіресе тұтқырлығы жоғары, битумды және тақтатас құрамды кен орындарындағы мұнайды игеруге басымдық беріледі. Бұл мұнайды жер астынан алуға озық технология қажет екені белгілі.
Қабылданған маңызды өзгерістің бірі енді компаниялар кен орындарының шекарасын өзгертпей-ақ ұңғыма тереңдігін 5000 метрге дейін ұзарта алады. Сонымен бірге заманауи технологияларды пайдаланып, инновация енгізген өндірушілерге салық және әкімшілік жеңілдіктер ұсынылады.
Тағы бір жаңашылдық жер қойнауын пайдалануға арналған аукциондар едәуір жеңілдейді. Енді қағаз құжаттар мен хаттамалық рәсімдер жойылып, комиссиялардың жұмысы қысқарады. Барлық аукциондар электронды форматқа ауысып, өтініштер тез әрі ашық түрде қаралады.
Жобаны әзірлеушілердің пікірінше, өзгерістер мұнай кен орындарын барынша тиімді игеруге, сондай-ақ инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Уран өндірісінде «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы ерекше құзыретке ие болады. Компанияға кен орындарын барлау үшін аумақтарды резервтеу құқығы беріледі және ол уран өндіруді жеке-дара басқармақ.
Осылайша, мемлекет энергетикалық ресурстарды игерудегі ықпалын күшейтіп, инвестиция тартуды арттыруға бет бұрды. Заң жобасына Президент қол қойғаннан кейін күшіне енеді.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.
Мыңбаевтан қалған мұра: ҚазМұнайГаздың шетелдік «арманы» аяқсыз қалды

