Беларусь президенті Александр Лукашенкоға тоғыз шет елдің елшілері сенім грамоталарын тапсырды. Салтанатты рәсім Тәуелсіздік сарайында өтті. Бұл туралы БелТА хабарлады.
Кездесу барысында Лукашенко Қазақстан туралы риторикасын күрт өзгертті, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Лукашенко Қытай, Қазақстан, Сербия, Алжир, Мавритания, Бурунди, Кувейт, Доминикан Республикасы және Уругвай елшілерінен сенім грамоталарын қабылдап, қауіп-қатерлерге қарамастан, Беларусьтің қонақтар үшін есігі ашық екенін айтты. Беларусь президенті бұл рәсімге қатысқан елдердің тізіміне де назар аударды.
«Бұл залға елдеріміздің игілігі үшін байланыс орнатуға ортақ ұмтылыспен біріккен рухы жақын адамдар жиналды», — деді Александр Лукашенко.
Лукашенко Қазақстанды Беларусь үшін маңызды, уақыт сынынан өткен дос, стратегиялық серіктес және одақтас деп атады. Ол қазіргі уақытта екі елдің ортақ мүдделері барлық салада тоғысатынын жеткізді. Беларусь басшысының айтуынша, ынтымақтастықтың жоғары динамикасы жыл сайынғы миллиардтаған тауар айналымы және өнеркәсіптік кооперациядағы табысты жобалар арқылы көрінеді.
«Қазақстан Беларусь үшін стратегиялық серіктес және одақтас», — деді ол.
Александр Лукашенко Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Шанхай ынтымақтастық ұйымына Қазақстанның төрағалығы кезінде Беларуське көрсетілген жан-жақты қолдауы үшін тағы да алғысын білдірді.
Айта кетейік, бұған дейін Беларусь президенті Александр Лукашенко «Россия» телеарнасына берген сұхбатында бірнеше посткеңестік республикалардың сыртқы саясатын сынап, Қазақстанды ерекше атаған болатын.
«Ресейден көмек сұрайтын уақыт алыс емес. Көмек сұрайтын басқа ешкім жоқ… Қазақстанда бірдеңе болып еді — кімнен көмек сұрады? Қытай, Үндістан, Пәкістан? Жоқ, Путинге көмектесіңіз деді және біз (ҰҚШҰ — еск.) күштерін сол жаққа жібердік, жарты күн ішінде ұшақтарымыз қонып, (тәртіпсіздікті — еск.) басты. Мен кінәлап отырған жоқпын», — деген еді Лукашенко.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі бұл сөздерге жауап ретінде Беларусь елшісі Утюпинді шақыртып, Астана БҰҰ Жарғысына сәйкес теңгерімді және бейбіт сыртқы саясат жүргізіп жатқанын айтты.