Биыл Жетісу облысында ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабын 510,7 мың гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізу жөнінде облыстық жедел штаб құрылып, жұмыс жасауда. Көктемгі егіске дайындық барысында тұқым, дизель отыны мен техниканы дайындау жұмыстары жүріп жатыр.
Жетісу облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне қарағанда, жоспар бойынша көктемде 247 мың гектар жер жыртылады, 127 мың гектар сүдігердің ылғалы жабылады, сонымен қатар 137 мың гектар өткен жылғы көпжылдық шөптер мен күздік дақылдар тырмаланады, жалпы 374 мың гектар жаздық дақылдар себіледі.
Оған қажетті 52,1 мың тонна жаздық ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымы толық көлемде даярланған, оның 31,6 мың тонна – дәнді дақылдар, 9,5 мың тонна – майлы дақылдар, 0,6 мың тонна – азықтық дақылдар, 10,4 мың тонна – картоп.
Бүгінгі күнге, 5 мыңға жуық тонна минералды тыңайтқыштар сатып алынды. Қоймаларда 1,3 мың тонна минералды тыңайтқыш бар. Осы жылы тыңайтқыштарды субсидиялауға 2,7 млрд. теңге бөлінген.
– Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы 510,7 мың гектарға жеткізіледі деген жоспар бар. Соның 295,3 мың гектар дәнді және дәнді бұршақты дақылдар, 89,7 мың гектарға майлы дақылдар, 6,8 мың гектарға картоп, 8,9 мың гектарға көкөніс-бақша дақылдары, 97,3 мың гектарға мал азығы дақылдары себіледі. Ал қант қызылшасын қант зауыттарының өндірістік қуатын ескере келе, 2025 жылға жалпы 12,2 мың гектарға егеміз, яғни өткен жылдан 1,5 мың гектарға кем себіледі. Жалпы, осы алқаптан 550,0 мың тонна қант қызылшасын аламыз деп межелеп отырмыз. Жоспарланған қант қызылшасын себуге 17,1 мың себу бірілігі көлемінде тұқымы Көксу қант зауыты және «Жетісу» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы қамтамасыз етілетін болады, – дейді басқарма.
Қазіргі кезде ауыл шаруашылығы техникаларына жөндеу жұмыстары жүргізілуде, бүгінге дейін көктемгі дала жұмыстарына қатысатын 20,6 мың бірлік техниканың, яғни, трактор, соқа, сепкіш, қопсытқыш пен жер тырмаларының 75% жөндеуден өткен. Жөндеу жұмыстары 15 наурызға дейін толығымен аяқталады деп жоспарлануда.
Осы орайда көктемгі дала жұмыстарына 5,5 мың тонна дизель отыны бөлінген. Операторды анықтау жұмыстары жүргізілуде.
Көктемгі егіске дайындық аясында «Аграрлық несие корпорациясы» 104 шаруашылықтан 3,0 млрд теңгеге өтінімдер қабылдап, бүгінгі күнге 35 шаруашылыққа 942 млн теңге несие берілді.
Атап өтсек, агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін субсидиялау бойынша мемлекеттік қызмет түрлері 100 пайыз электронды форматта субсидиялаудың мемлекеттік ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Мәселен, өткен жылы өңірде 11 мемлекеттік қызмет түрі бойынша аталған порталы арқылы 15 183 өтінімдер түсіп, мемлекеттік қызметтер көрсетілді. Сол сияқты былтырдан бастап «Ауыл аманаты» бағдарламасы Amanatnesie.kz порталы арқылы жүзеге асырылуда. 2024 жылы осы порталға 2,6 млрд теңгеден астам сомаға 342 өтінім енгізілген.