Қай заманда да елдің тұтастығы мен тыныштығы ең алдымен шекарадан басталады. Ал сол шекараға кім ие болса – сол елдің тәуелсіздігіне де кепіл бола алады. Қазақстан үшін бұл ұғым аса өзекті. Себебі біздің шекарамыз – дүниежүзіндегі ең ұзақ шекаралардың бірі. Шекарамыздың қашықтығы 15 132 шақырымға созылып жатыр.
Қазақстан – географиясы мен көршісі жағынан тым күрделі аймақта тұр. Екі алпауыт держава – Ресей мен Қытай, оңтүстіктен мазасыз Орталық Азия, батыстан Еуропа мен мұнай коридоры. Мұндай «шулы көршілермен» қатар өмір сүру қырағылықты талап етеді. Себебі шекара деген – ұлттың ашық тұрған есігі.
Шекарашы – елдің күзетінде тұрған ғана емес, мемлекеттің абыройын, қауіпсіздігін, беделін қорғап тұрған тұлға. Ол жай ғана автомат асынып жүрген жауынгер емес, ол – геосаяси тұрақтылықтың тірегі. Сондықтан шекара қызметі тек әскери құрылым ғана емес, ұлттық қауіпсіздіктің бірінші қорғаны.
ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі – еліміздегі ең маңызды институттардың бірі. Бұл құрылымның тікелей міндеті – еліміздің аумақтық тұтастығын қамтамасыз ету, шекарадан заңсыз өтуге тосқауыл қою, есірткі трафигі, қару-жарақ контрабандасы, заңсыз көші-қон, экстремистік ұйымдардың енуіне жол бермеу. Полковник Серік Ахметқалиевтің айтуынша, бүгінде шекарашылардың жұмысы бұрынғыдан бірнеше есе күрделенген. Олар тек өткелде емес, цифрлы майданда да күрес жүргізіп жатыр.
Мысалы, Ауғанстан мен Тәжікстан арасындағы шекара тұрақсыз болса, оның салқыны бірден Орталық Азияға жетеді. Бұл елдер арқылы есірткі жолы өтеді, контрабанда легі жүреді, діни радикализмнің тамыры таралады. Осы трансшекаралық қауіптер Қазақстанның оңтүстігіне де тікелей әсер етеді. Міне, сондықтан шекара қызметі жай ғана бақылау пункті емес, ол – алдын алу механизмі.
Қазіргі таңда еліміздің оңтүстік, батыс, солтүстік шекараларында орналасқан заставалар жаңартылып жатыр. Бұл – «Қауіпсіз ел» жобасының маңызды бөлігі. Жобаның аясында шекаралық инфрақұрылым жаңарып, мобильді бақылау кешендері, заманауи радар жүйелері, түнгі көру құрылғылары, дрондар мен спутниктік бақылау құралдары енгізілуде. Себебі таулы, орманды, шөлді, өзен-көлді аймақтардағы шекараларды адам күшімен ғана күзету мүмкін емес
Шекарашының өзінің моральдық, кәсіби дайындығы басты орында. Оларға жай ғана шен беру емес, нақты мүмкіндік, құрал, мотивация беру қажет. Себебі шекара күзеті – күнделікті қауіппен бетпе-бет тұру. Ол аязда да, аптапта да, шөлде де, мұзда да – бірдей қырағылықты талап етеді.
Шекара қызметінің тағы бір маңызды миссиясы – ішкі қауіпсіздікпен тікелей байланыста болуы. Себебі шекарадан заңсыз өткендер – ішкі қоғамға енетін қауіпті элементтер. Олар арқылы есірткі де келеді, қару да өтеді, радикалды насихат та енеді. Демек, шекара күзеті – құқық қорғау органдарымен, ұлттық қауіпсіздікпен, көші-қон қызметімен, кеденмен тығыз байланыста болуы тиіс.
Қазақстанның шекарасы – географиясы бойынша да күрделі. Бір аймақ – шөлді, бір аймақ – қалың орман, енді бірі – су жолдары. Осының бәрі күзет жүйесіне ерекше тәсілдерді қажет етеді. Мысалы, Каспий теңізі арқылы өтетін шекара – мұнай және әскери маңызға ие. Ал шығыстағы Қытаймен арадағы шекара – сауда мен миграция тұрғысынан ерекше. Осыған орай әрбір өңірдің шекара қызметі жергілікті ерекшеліктерге бейімделуі тиіс.
Экономикалық қауіпсіздік те шекарадан басталады. Контрабанда – мемлекетке салық түспеу, отандық кәсіпкердің зардап шегуі, заңсыз өнімнің нарыққа шығуы. Бір ғана контрабандалық темекі – миллиардтаған теңге шығын әкеледі. Ал заңсыз тауар – елдің денсаулығына да, экономикасына да қауіп. Сондықтан шекара – экономикалық сүзгі рөлін де атқарады.
Қысқаша түйіндесек, Қазақстан шекара қызметі – ұлттық қауіпсіздіктің нақты әрі мызғымас іргетасы. Біз бұл іргетасты жаңа техникалық құралдармен, қуатты заңдармен, мықты кадрлармен нығайтып отырмасақ, болашағымыздың іргесі сөгіліп кетуі мүмкін.
Қуаныш СМАҒҰЛ