Бұрындары ұлттық қауіпсіздік сыртқы агрессиямен, шекарамен, тыңшылармен өлшенсе, бүгін оның ішінде нан бағасы, ет қоры, сөрелердегі қанттың бар-жоғымен өлшенетін күн туды. Соңғы жылдары біз азық-түлік қауіпсіздігі туралы көбірек айта бастадық. Бірақ оны әлі күнге дейін стратегиялық категория ретінде емес, сауда сөрелеріндегі бір сәттік тапшылықпен байланыстырғымыз келеді. Мысалы, базарда картоп бір күнде 80 теңгеден 200 теңгеге секірсе дүрлігіп кетеміз.
Қазақтың қазанына ет салынбаса, көңілі көншімейді. Ет – жай ғана тағам емес, салт-дәстүрдің, қонақжайлықтың, ұлттық болмыстың өзегі. Демек, еттің айналасындағы саясат та – ұлттық қауіпсіздіктің көрінісі десек болады.
Бүгінде кез келген кәсіпкер өндірген етін шетелге қымбат бағаға экспорттауға мүдделі. Себебі сыртта баға жоғары. Бір келі қой етін Қазақстанда 3000 теңгеге сатқанша, арап пен қытайға 5000 теңгеге өткізген әлдеқайда тиімді. Бірақ сол кәсіпкердің әрекетін реттемейтін мемлекет болса, ертең ішкі нарықта ет тапшы болып, баға аспандап кететіні сөзсіз. Бұл – сұраныс пен ұсыныс заңдылығы. Халықтың табағына түскен ет бағасының өсуі тек экономикалық емес, әлеуметтік қысым тудырады.
Сондықтан мемлекет бұл жерде белсенді реттеуші болуы тиіс. Ет экспортын толық тыймаса да, белгілі бір шектеулермен, квоталармен, ішкі нарықтың сұранысын толық қанағаттандырғаннан кейін ғана рұқсат беру жүйесі енгізіп отыр. Осылайша азық-түлік қауіпсіздігі пайда болып отырғанын байқауға болады.
Іргеміздігі Қытайды мысалға алайықшы, олар үшін күріш – тек тағам емес, ұлттың символ. Миллиардтан аса халықтың күнделікті қорегі – осы қарапайым дақыл. Сол себепті Қытай мемлекеті күрішке байланысты саясатты қауіпсіздік деңгейіне дейін көтерген. Жерді суландыру, күріштің өнімділігін арттыру, экспортты қадағалау – мұның бәрі «тамақ тапшылығы елге төнетін қауіп» деген ойдан шыққан шаралар. Оларда күріш экспортына лимит қойылған, ал ішкі тұтыну бірінші орында.
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін үш бағытта нақты жұмыс жүргізілуі керек. Біріншісі – өндіру. Өзімізді қажетті өніммен толық қамтамасыз етпейінше, импортқа тәуелді боламыз. Мысалы, біз кей өңірлерде көкөністі Өзбекстаннан, қантты Ресейден тасимыз. Бұл – өзге елдің қас-қабағына қарап қалу. Ал егер сол елдер экспортқа шектеу қойса – біздің дүкендеріміз босап қалатыны анық. Демек, өнім көлемін арттыру – азық-түлік қауіпсіздігінің алғашқы шарты.
Екінші бағыт – өңдеу және сақтау. Шаруалар егін өсіреді, мал бағады, бірақ сол өнімді сақтайтын қойма жетіспейді. Сондықтан өнімнің көбі қоқысқа кетеді. Қант қызылшасын еккенмен, оны өңдейтін зауыттың қуаты жетпейді. Бұл – нақты жоспарлаудың, логистикалық тізбектің ақсауы. Азық-түлік қауіпсіздігі тек даланың емес, қойманың да қауіпсіздігі.
Үшінші бағыт – бақылау және реттеу. Мұнда мемлекет пен жергілікті әкімдіктердің рөлі ерекше. Бағаны реттеу, алыпсатарлықты тыю, экспортқа шығатын өнімге квота қою, форвардтық сатып алу тетіктерін кеңейту – осының бәрі халықтың тұрмыс жағдайына әсер етеді. Әр ауылдағы малдың еті, әр облыстағы астықтың қордағы үлесі – бәрі де есепте тұруы керек. Қазіргі әлемде азық-түлік тауарлары геосаяси қаруға айналып барады. Украинадағы соғыс дәнді дақылдардың бағасын аспандатып жіберді. Ресейдің тыңайтқыш экспортына қойған шектеулері – бүкіл әлемдегі егіннің өнімділігіне әсер етті.
Қазақстан осы күрделі геосаяси ахуалдың ішінде азық-түлік экспорты емес, алдымен азық-түлік тұрақтылығын алдыңғы орынға шығаруы қажет. Азық-түлік қауіпсіздігіне жауапты құрылымдар мәселені науқанмен емес, жүйелі тәсілмен шешуі тиіс. Мысалы, қант тапшы болса – сол жылы шала-пұла көктемде қант қызылшасы егеміз. Келесі жылы қайта ұмытамыз. Мұндай стратегия болмайды. Бұл салада тұрақтылық қажет. Мемлекет аймақтардың ерекшелігіне қарай өнім өндіру картасын жасап, қай өңір неге жауапты екенін айқындауы керек. Мысалы, Түркістан – көкөніске, Қостанай – астыққа, Шығыс – картопқа, Жамбыл – қызылшаға, Маңғыстау – ірі қараға бағытталуы тиіс.
Қорыта айтқанда, азық-түлік қауіпсіздігі бүгінгі Қазақстан үшін ұлттық қауіпсіздіктің ажырамас бөлігі. Бұл ұғым тек министрліктер мен сарапшылардың тілінде емес, әр қазақтың дастарханында көрініс табуы тиіс. Ет бағасы – саяси тұрақтылықтың индикаторы. Қант бағасы – мемлекеттің әлеуетінің көрінісі. Картоп – ұлттың аш не тоқ екенін білдіретін көрсеткіш.
Нұрлан ӘУБӘКІР