Бүгін Алматы қаласының мәслихатында жаңа әкімнің есімі жарияланады. Бұл — Ерболат Досаевтың үш жылдан астам уақытқа созылған әкімдік қызметінің аяқталғанын көрсетеді. Саясаттанушы Марат Шибұтов осы кезеңде қала басшысының атқарған жұмысына жан-жақты талдау жасап, өз бағасын берді, деп хабарлайды Ertenmedia.
«Мен Алматыны басқарған бірнеше әкімнің қызметіне тікелей куә болдым. Сондықтан қалаға қатысты пікірімді сырттай бақылаушы емес, ішкі жағдайға қанық адам ретінде айта аламын», — дейді сарапшы.
Шибұтов Досаевтың әкімдікке келуі күрделі кезеңмен тұспа-тұс келгенін атап өтті.
Оның айтуынша, жаңа әкім тек «Қаңтар оқиғасының» салдарымен ғана емес, сонымен қатар бұрынғы әкім Бақытжан Сағынтаевтан қалған түйткілдермен де бетпе-бет келген. Сағынтаевтың кезінде Алматыда тығыз әрі ретсіз құрылыс көбейген болатын.
Марат Шибұтовтың дерегінше, 2021-2024 жылдар аралығында Алматыда бірқатар маңызды көрсеткіштер айтарлықтай жақсарған. Қаланың жалпы өңірлік өнімі 15 трлн теңгеден 29 трлн теңгеге өсіп, ел экономикасындағы үлесі 17,9%-дан 21,8%-ға артқан. Қаладағы белсенді кәсіпорындар саны да көбейген. Атап айтқанда, заңды тұлғалар саны 83 547-ден 114 832-ге дейін өскен.
Әлеуметтік салада да оң өзгерістер байқалады. Үш жыл ішінде қаладағы мектептер саны 317-ден 367-ге, балабақшалар саны 860-тан 1022-ге артқан. Сондай-ақ Алматыда үш жаңа музей мен төрт театр ашылған.
Досаев тұрғын үй құрылысының қарқынын саналы түрде азайтып, оны 2,6 млн шаршы метрден 2,4 млн шаршы метрге дейін төмендетті. Әсіресе, ретсіз әрі тығыз құрылысқа тосқауыл қойып, құрылыс жобаларын аудандарға тең бөлуді жолға қойған.
Туризм саласында да айтарлықтай өсім байқалған. 2021 жылы шетелдік туристер саны 162,5 мың болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 686 мың адамға дейін өскен. Қала экспорты да бірнеше есеге артқан: ЕАЭО елдеріне экспорт көлемі 796 млрд теңгеден 2 трлн 92 млрд теңгеге жеткен.
Марат Шибұтов Досаевтың көпшілік байқай бермейтін, бірақ қала үшін аса маңызды шараларды қолға алғанын да атап өтті. Олардың ішінде қаланың ерекше мәртебесі туралы заңға енгізілген өзгерістер бар. Бұл Алматының дербестігін нығайтқан. Бұған қоса Досаев 2004 жылдан бері жаңартылмаған Алматының жаңа Бас жоспарын әзірлеп, бекітті.
Сонымен қатар, қала аудандарының бюджеті бұрынғыдан бірнеше есе өсіп, 3-4 миллиард теңгеден 24 миллиард теңгеге дейін ұлғайған. Әкім мәслихат депутаттарын бюджет мәселесін бірлесіп әзірлеуге тартты. Қала құрылысы бойынша арнайы кеңес құрылып, көптеген заңсыз құрылыс жобалары тоқтатылып, түзетілген.
«Әрине, Досаевта кемшіліктер де болды. Әкім әрқашан әртүрлі топтардың мүдделері арасында баланс сақтауы керек, бұл оның жұмысын қиындатқаны рас. Оның үстіне, ол өзінің жеке имиджі мен пиарына ақша жұмсауды құп көрмеді. Ал бұл – әкімдікте жиі кездесетін тәжірибе. Сондықтан қоғам оның атқарған жұмысына емес, әлеуметтік желілерде тараған қысқа видеоларға қарап баға берді. Халық оның тұрғындармен кездесудегі дөрекілеу видеоларын ғана талқылады. Алайда, бұрынғы 19 әкімнің халықпен қалай кездескені туралы видеолар бар ма еді?» — деп сауал қояды Шибұтов.
Саясаттанушы Алматы әкімдері ішінде тәуелсіздік жылдарында Ахметжан Есімов, Бауыржан Байбек және Ерболат Досаевтың басқаруы ең тиімді болғанын айтады.
Еске сала кетейік, кеше Үкімет 2025 жылдың төрт айындағы Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін жариялаған болатын.