Бүгінгі Қазақстанда «жол қатынасы» дегеніңіз логистикалық хаб, қойма, цифрлық төлем жүйесі, тұтыну алгоритмі, инфрақұрылым мен мемлекеттік синергия. Сауда бұрынғыдай тек зат алмасу емес, ол – геоэкономикалық саясаттың қуатты құралына айналды. Үкімет басшысы Олжас Бектенов Алматыға жасаған жұмыс сапары аясында «Magnum E-commerce Kazakhstan» ЖШС мамандандырылған Dark Store форматындағы заманауи қоймасына барып, ритейл саласындағы жаңа инфрақұрылыммен танысты. Хаб логистиканы жеделдетіп, тәулігіне 18 мыңға дейін тапсырысты тиімді өңдеуге қабілетті.
Премьер-министрдің қазіргі тұтыну, логистика және сауда моделін реформалау туралы үндеуінің маңызы зор. Бұл – көлеңкелі экономикамен күрестің саяси жалғасы, ұлттық капиталды заңдастыру мен жүйелік интеграцияның көрінісі.
2017 жылдан бері көлеңкелі экономиканың 7,5%-ға қысқаруы – бір қарағанда статистикалық мәлімет сияқты көрінгенімен, іс жүзінде бұл – салықтық реформа, цифрлық бақылау, банктік мониторинг, төлем жүйелері мен QR-экономиканың жеңісі.
Бүгінде сауда – тек қана нарық емес, ол – ұлттық мүдденің арқауы. Себебі ішкі саудадағы ашықтық пен әділ бәсеке – экономикалық егемендіктің негізгі маркері. Бұл әсіресе трансұлттық корпорациялар мен цифрлық платформалар ішкі нарықты жаулап жатқан кезеңде өте өзекті. Сондықтан да Үкімет әкімдіктер мен Сауда министрлігіне ритейлер мен отандық компаниялар арасында әріптестік орнатуды тапсырды.
Kaspi.kz компаниясының платформасында құрылған Magnum онлайн супермаркеті – осы жаңа модельдің іске асқан нұсқасы. Мұны отандық капитал мен цифрлық технологияның түйісу нүктесі десек болады. Бір ғана жылда 800 мың қазақстандық 5,3 миллион тапсырыс бергенінен нарықтағы тұтыну парадигмасының өзгергенін көрсетеді. Ал сатылымның 50%-дан астамының отандық өнім болуы – бұл жобаның тек бизнес емес, сонымен қатар экономикалық ұлттық қауіпсіздік элементі екенін айғақтайды.
Kaspi.kz арқылы іске асқан бұл модельдің тағы бір маңызды аспектісі – жұмыспен қамту. 4,5 мың жаңа жұмыс орны құрылып, цифрлық экономикаға бейімделген жаңа буын қалыптасуда. Бұрын қоймада ауыр жүк көтерген жұмысшы енді логистикалық операторға айналған. Базарда сатушы болған адам енді курьер немесе платформа менеджері. Экономика құрылымының өзгеруі – ең алдымен адам капиталына әсер етеді. Сондықтан бұл трансформация тек экономикалық емес, әлеуметтік және мәдени ренессансқа да жол ашады.
Бір қарағанда, 5 млрд теңге көлеміндегі салық түсімі – мемлекеттік бюджет үшін ауқымды көрсеткіш емес секілді көрінуі мүмкін. Бірақ егер бұл модельді басқа ритейл желілері, ауыл шаруашылығы кооперативтері мен өңдеуші зауыттар да қабылдайтын болса, онда салықтық түсім айталқытай өсетінін бағамдауға болады. Салықтың жартысының тек 2024 жылдың ішінде төленуі – платформа ішіндегі транзакциялардың ашықтығын, қаржылық есептің цифрландырылғанын, экономиканың «көрінбейтін» бөлігінің заңдастырылып жатқанын көрсетеді.
Бүгінде инфрақұрылымсыз логистика болмайды, логистикасыз сауда жоқ. Қойма, жол, жылдам жеткізу желісі, салықтық жеңілдіктер, микроқаржыландыру құралдары, маркетингтік қолдау – мұның бәрі бір экожүйеге айналуы тиіс. Үкімет дәл осы бағытта жұмыс жасап жатыр. Бірақ енді негізгі міндет – бұл модельдің өңірлерге енуі. Әзірге мұндай экожүйе Алматы мен Астана төңірегінде ғана бар. Бірақ Қызылорда, Семей, Талдықорған, Түркістан, Петропавл секілді қалаларда да цифрлық сауданы көтеретін кешенді жобалар іске қосылуы керек. Себебі ұлттық тұтыну моделі тек орталықпен ғана шектелсе, онда өңірлік теңсіздік одан әрі тереңдей береді. Бұл – экономикалық емес, саяси қатер.
Kaspi.kz моделі – Қазақстанның цифрлық эволюциясының нақты мысалы. Ескі сауда орындары бұл қарқынға ілесе алмай қалды. Қағаз-құжатпен, анықтамамен, келісімшартпен жұмыс істейтін жүйе енді нарықтың талабына сай емес. Кассир, бақылаушы, бухгалтер секілді дәстүрлі функциялар алгоритмдер мен QR-кодтарға орын беріп жатыр. Бұл – технологиялық детерминизм емес, бұл – экономикалық рационалдылық. Сауда қазір логистика мен цифрлық төлем арқылы жүзеге асады. Ал бұл кеңістікте кім жылдам, кім икемді – сол ғана өміршең болады. Сондықтан үкіметтің қолдауынан бұрын нарықтың өзін-өзі реттеуге бейімделуі қажет.
Алдағы жылдары Kaspi.kz моделі өзгелерге де үлгі болады. Ритейл мен цифрлық платформа түйіскен жерде жаңа бизнес модельдер пайда болады. Келер онжылдықта біз отандық супермаркеттер мен платформа алыптарының өзара бәсекесін емес, синергиясын көруіміз мүмкін. Бірақ бұл синергия тек коммерциялық мүдде үшін емес, ұлттық капиталды қорғау, тұтыну мәдениетін қалыптастыру және цифрлық дербестік үшін жүзеге асуы керек. Себебі цифрлық платформалар – жай ғана сауда алаңы емес, олар – мәлімет жинаушы, тұтыну моделін болжаушы және экономикалық мінез-құлықты өзгертуші құрал. Сондықтан бұл алаңдар мемлекет тарапынан стратегиялық ресурс ретінде қаралуы тиіс.
Қорыта айтқанда, бүгінгі Қазақстан – тек өндіріс қуатын арттырып қана қоймай, оны дұрыс жеткізе алатын, сататын, салықтан жалтармайтын және ұлттық құндылықты коммерциямен үндестіретін елге айналуы қажет. Бұл жолда цифрлық платформалар басты рөл ойнайды. Kaspi.kz секілді жобалар енді банк емес, финтех, ритейл емес – логистикалық хаб, маркет емес – экономикалық экожүйе. Мемлекет осы трансформацияны қолдап қана қоймай, оны реттеп, стратегиялық деңгейге көтеруге тиіс. Себебі цифрлық сауда – бұл тек тұтыну емес, бұл – егемендіктің жаңа формасы.