Қазақстан өз финтех-тәуелсіздігін Ресейге тапсырудың сәл-ақ алдында тұр. «Модернизация» деген желеумен елімізде букмекерлік бизнесті толық бақылауға алатын жаңа жүйе енгізілуде. Бұл жүйе қаржылық ақпарат пен ақшалай ағындардың ресейлік құрылымдардың бақылауына өтуіне жол ашуы мүмкін.
Цифрлық дербестігімізді сақтау орнына, мемлекет финтех секторын сыртқы ойыншыларға бере бастады. Қазір «Букмекерлердің бірыңғай есеп жүйесі» (ББЕЖ) арқылы бұл үрдіс заңдастырылуда.
2020 жылы басталған бастаманы алғаш Туризм және спорт министрлігі көтерген. Ол кезде Букмекерлік ставкаларды есепке алу орталығы құрылып, мемлекет пен букмекерлік компаниялар арасында делдал ұйым жұмыс істеуі тиіс еді. Бұл компания «Қазақтелекомның» экс-басшысы Қуанышбек Есекеевпен байланысты болған. Делдал мекеме саланың қаржы айналымының 4%-ын иеленбек болған.
Кейін бұл жоба жемқорлық дауына ілініп, тоқтатылған еді. Бір шенеуніктің люкс әйел сөмкесі түріндегі парамен ұсталғаны қоғамның есінде. Алайда делдал схемаларынан бас тарту ойларында болмағандай.
2023 жылы Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев делдалдарға жол берілмейтінін қадап айтқан. Соған қарамастан, ББЕЖ жобасы бірауыздан мақұлданып, қазіргі таңда оны Ербол Мырзабосынов басқаратын министрлік енгізіп жатыр.
Ресейлік бақылау қаупі
Бұл жүйенің артында Ресейдегі ықпалды ойыншылар тұр. Соның бірі – Умар Кремлев (шын аты Лутфуллоев), Ресейдегі ЕЦУПИС жүйесін басқарып отыр. Ол — «Фонбет», «Пари», «Лига Ставок» букмекерлерінің ортақ иесі. Бұл компаниялар Ресей нарығында көш бастап тұр. Қазірдің өзінде «Фонбет» Қазақстанға еніп, табыстың біраз бөлігін жинап жатыр.
Техникалық жаңғырту ретінде ұсынылған ББЕЖ — іс жүзінде бүкіл финтех секторын бақылау жүйесі. Бұл жүйе арқылы бәстер, транзакциялар, клиенттік деректер және қаржы ағындары орталықтандырылып, бір платформада жиналады. Мұндай құрылым ресейліктерге қазақстандық букмекерлерге қысым көрсетуге, клиенттерді өздеріне жақын компанияларға бұруға және үлкен деректер қорына қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Жылдық айналымы 0,6–1,4 триллион теңге болатын салаға бақылау орнату арқылы көрші ел ірі капиталды сыртқа шығарып, біздің цифрлық қауіпсіздігімізге қатер төндіруі ықтимал. Дербес деректердің таралуы, кибершабуылдар және азаматтарға қысым жасау мүмкіндігі артады.
Ең үлкен қауіп — бұл жүйе арқылы алынған мәліметтер шетелдік арнайы қызметтердің қолына өтуі мүмкін. «Сен кезінде бәс тіккенсің» деген уәжбен шенеуніктер мен қоғам белсенділерін бопсалау тетігіне айналуы ықтимал. Бұл – ұлттық қауіпсіздікке төнген тікелей қауіп.
Қазақ ақшасы соғысқа кетуі мүмкін бе?
Ресейдің әскери өндірісті күшейтіп жатқанын ескерсек, Қазақстан нарығынан түсетін қаржы «Шахед» дрондары мен басқа да соғыс техникасын шығаруға бағытталуы әбден мүмкін. Мәжілісмен Елнұр Бейсенбаев бұған жол бермейміз дегенімен, кейін жобаны қолдап дауыс бергені белгілі. Қазір Парламенттегі пікірталастар шынайы тартыстан гөрі имитацияға ұқсайды. Ал нақты шешімдер Кремльге жақын тұлғалар тарапынан жасырын қабылданып жатыр.
ББЕЖ – жай ғана бір заң жобасы емес. Бұл — Қазақстанның цифрлық инфрақұрылымын сыртқы күштерге берудің алғашқы қадамы. Ертең бұл жүйе банктер мен сақтандыру компанияларына да қол сұғуы мүмкін.
Сонда еліміздің азаматтары туралы аса құпия деректер, оның ішінде қаржылық және жеке мәліметтер, неге ешқандай қоғамдық тыңдаусыз, еш талқылаусыз, сырттан басқарылатын жүйелерге берілуі керек?