Қазақстанда интернет-алаяқтық фактілері көбейіп келеді. Соңғы жарты жылда ғана ел азаматтары алаяқтарға 25 миллиард теңгеден астам қаржысын аударып жіберген.
Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің Киберқылмыспен күрес департаментінің басшысы Жандос Сүйінбай мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Осы жылдың алғашқы алты айында елімізде 11 мыңнан астам интернет-алаяқтық дерегі тіркелді. Азаматтарға келген залал көлемі – 25 млрд теңгеден асады. Қазіргі уақытқа дейін бұл соманың тек 895 млн теңгесі ғана қайтарылған», – деді Сүйінбай.
Оның айтуынша, киберқылмыспен тиімді күресу үшін 2024 жылдың қараша айында ІІМ құрамында арнайы департамент құрылып, өңірлік бөлімшелері ашылған. Аталған бөлімше киберқылмыстарды ашумен қатар, оларды алдын алу және құқықтық жұмыстармен айналысады.
Департамент басшысының мәліметінше, алаяқтық әрекеттер бойынша әзірге 30 адам ұсталған. Оның ішінде 14 адам шетел азаматы.
«Бұдан бөлек, шетелден жасалатын жалған нөмірлерден түскен 66,9 млн қоңырау бұғатталды. Қазақстандық құқық қорғау органдары киберқылмысқа қарсы шетелдік әріптестерімен тығыз байланыста жұмыс істеп жатыр. Мысалы, биыл қаңтарда Арменияда бірлескен операция кезінде Еуропа және ТМД елдерінің азаматтарын алдаумен айналысқан екі ірі колл-орталық жабылды. Бұған қоса Астана мен Алматы қалаларында тағы бес заңсыз колл-орталық анықталып, қызметі тоқтатылды», – деп толықтырды Жандос Сүйінбай.
Қазіргі таңда Қазақстан Еуропа кеңесінің киберқылмыс туралы Конвенциясына және БҰҰ-ның киберқылмысқа қарсы Конвенциясына қосылуға әрекет етіп жатыр.