Алматы қаласында сыртқы жарықтандыру жүйесін жаңарту қарқынды жүруде. Жыл соңына дейін қала аумағында 22 мыңнан астам көше шамы орнатылмаұшы. Бұл жұмыстар Алматының кешкі бейнесін айтарлықтай өзгертіп қана қоймай, тұрғындардың қауіпсіздігін арттырып, қоғамдық кеңістіктердің қолайлы болуына жол ашады. Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Көктөбе шолу алаңына барып, қаланың түнгі келбеті қалай өзгеріп жатқанын өз көзімен көріп қайтты. Өз кезегінде «Алматы Қала Жарық» мекемесінің директоры Игорь Мысик шаһарда атқарылып жатқан жұмыстар туралы егжей-тегжейлі баяндады.
2025 жылдың алғашқы бес айының өзінде қала бойынша 13 мыңнан астам шам жаңартылған. Сонымен қатар, 120 шақырым жарық желісі қалпына келтіріліп, 520 басқару шкафы жаңадан орнатылған. Бұған қоса, бұрын мүлде жарық болмаған 21 аумақта жаңа жарық желілері тартылған. Бұл – тек орталық аудандар емес, қала шетіндегі тұрғындар үшін де маңызды жаңалық. Себебі жарықсыз көше – тек жайсыздық емес, қауіпсіздікке тікелей әсер ететін фактор.
Жоспар бойынша жыл соңына дейін тағы 1200 жарық желісі салынып, қараңғыда қалған көшелерге 22 мыңнан астам шам орнатылуы тиіс. Бұл шамдар тұрғындардан түскен өтініштер мен мамандардың жергілікті тексеру нәтижелері бойынша анықталған аумақтарға қойылады. Демек, бұл жұмыс тек инженерлік инфрақұрылым емес, қоғамдық пікір мен нақты қажеттілікке негізделіп жүргізіліп жатыр.
Жарықтың тек саны емес, сапасы да басты назарда. Атап айтқанда, 70 шақырым жарық желісі жаңартылып, 1100 басқару құрылғысы ауыстырылуда. Бұған қоса, 70 нысанға сәулеттік жарықтандыру қойылып, қала түнгі көрініс тұрғысынан да жаңаша сипат алып келеді. Энергия үнемдейтін 5000-нан астам шам магистральды көшелерге орнатылып, экологиялық және экономикалық тиімділік те ескеріліп отыр. Егер барлық жоспар орындалса, 2025 жылдың соңына қарай Алматыдағы жарықтандыру деңгейі 100 пайызға жетпек.
Шаһар басшысы бірнеше нысанды тікелей аралап көріп, нақты жағдайды бағалады. Мысалы, Абылай хан мен Абай даңғылындағы жарықтандыру жүйесінде ұзартылған кронштейндер қолданылуда. Бұл – жарық ағаш жапырағына ілінбей, тротуарға тікелей түсуіне және жасыл желекке зиян келтірмеуге мүмкіндік береді. Бұл шешім экологиялық тепе-теңдікті сақтау мен қала тұрғындарының қолайлы жүріп-тұруын ескерген практикалық тәсіл.
Панфилов көшесінде әкім «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында орнатылған аула жарығымен танысты. Ал 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағындағы заманауи шамдар мен Офицерлер үйінің сәулеттік жарықтандыруы – эстетика мен қауіпсіздік үйлесімінің жақсы мысалы. Мұндай жаңартулар қала кеңістігінің тек инфрақұрылымдық емес, мәдени әрі тарихи болмысын да жаңаша сипатта көрсетіп отыр.
Әкімдік тарапынан қойылған негізгі талап – жарықтандыру жұмыстары жүйелі түрде, нақты басым бағыттармен жүргізілуі тиіс. Атап айтқанда, адамдар кешке қарай серуендейтін, балалармен жүретін, үйіне қайтатын аумақтар мен тротуарлар, саябақтар жарық әрі қауіпсіз болуы керек. Әсіресе, мектепке, ауруханаға, мәдени орталыққа және аялдамаға баратын жолдардың жарықтануына ерекше назар аудару тапсырылды.
Жалпы алғанда, бұл бастама – қаланың өмір сүруге қолайлы, қауіпсіз әрі эстетикалық жағынан тартымды ортаға айналуындағы маңызды кезеңдердің бірі. Алматы нұрланып қана қоймай, өз тұрғындарының күнделікті тіршілігіне жайлылық сыйлайтын мегаполиске айналып келеді. Инфрақұрылымдық шешімдердің әлеуметтік маңызға негізделуі – қазіргі қалалық басқарудың басты өлшемі.