Жетісу облысында жүгері алқабы 64 мың гектарға жуықтап, биыл 439 мың тоннадан астам өнім жиналған. Ertenmedia.kz. Егістік көлемінің ұлғайғанымен шағын шаруалардың табысы да көбейеді деп айтуға болмайды. Өйткені техника жалдау, астық кептіру және тасымалдау шығыны айтарлықтай өскен. Жетісу облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәлет Кененбаевпен жүгері өндірісінің әлеуеті, мемлекеттік қолдау және шаруалардың табысын арттыру жолдары туралы Ertenmedia.kz тілшісіне әңгімелеп берді.
– Нұрдәлет мырза, биыл Жетісуда жүгері алқабы айтарлықтай ұлғайды. Өңір үшін осы дақылдың экономикалық маңызы қандай?
– Жүгері Жетісу облысының ауыл шаруашылығындағы негізгі дақылдардың бірі. Биыл егістік көлемі 64 мың гектарға жуықтап, өткен жылмен салыстырғанда үштен бірге артты. Жалпы 439 мың тоннадан астам өнім жинау жоспарлап отырмыз.
Әсіресе Панфилов ауданында жүгері өсіру жақсы дамыған. Мұнда орташа өнімділік гектарына 70-75 центнер деңгейінде айналуда. Аудан шаруалары шамамен 180 мың тонна астық жинауды көздеп отыр.
Өңірде жүгеріні өңдейтін кәсіпорынның болуы шаруалар үшін тұрақты өткізу нарығын қалыптастырады. Біздің басты мақсатымыз егістік көлемін көбейтумен шектелмей, әр гектардан алынатын табысты арттыру.
– Шағын шаруалар техника мен кептіру қызметіне көп қаржы жұмсайтынын айтып отыр. Мемлекеттік қолдау олардың нақты шығынын азайтуға қаншалықты көмектеседі?
– Ірі және шағын шаруашылықтардың өндірістік мүмкіндігі бірдей емес екенін жақсы түсінеміз. Мысалы, 500 гектар жүгері егетін кәсіпорынның өз кептіргіші, қоймасы және техникасы болуы мүмкін.
Ал жері аз фермер комбайн жалдап, өнімін басқа кәсіпорынның қырманында кептіруге мәжбүр. Қазір комбайн қызметінің құны гектарына 45 мың теңгеге дейін жетеді. Бұған тасымал, жанар-жағармай және астықты сақтау шығынын қосу керек.
Сондықтан өңірде жүгеріні өңдеуге өткізген шаруаларға әр тоннасы үшін 13 мың теңге субсидия қарастырылған. Мұндай қолдау өндірістік шығынның белгілі бір бөлігін өтеуге мүмкіндік береді. Дегенмен шаруаның табысын тұрақты арттыру үшін субсидиямен қатар, қолжетімді техника мен ортақ инфрақұрылым қажет.
– Жүгеріні қабылдау бағасы оның ылғалдылығына тікелей байланысты екені белгілі. Фермерлердің өнімін тиімді бағамен өткізуі үшін қандай жағдай жасалуы керек?
– Жүгері өндірісінде өнімнің сапасы мен ылғалдылығы өте маңызды көрсеткіш саналады. Қазір ылғалдылығы 15 пайызға дейінгі астықтың келісіне 90 теңге төленеді. Ал ылғал мөлшері 15-20 пайыз аралығында болса, қабылдау бағасы 85 теңгеге дейін төмендейді.
Сондықтан жүгеріні уақытында жинап, дұрыс кептіру фермердің табысына тікелей әсер етеді. Панфилов ауданындағы крахмал-сірне зауыты өнімнің жартысынан астамын қабылдауға мүмкіндік береді.
Кәсіпорын қоймаларына 150 мың тонна астық сыяды, ал тәулігіне 2500-2600 тонна өңдей алады. Бірақ әлемдік нарықтағы баға өзгерісін де ескеру қажет. Өйткені халықаралық сауда ішкі нарыққа ықпал етеді. Осы себепті шаруаларға өнім сапасын көтеруге, сақтау мүмкіндігін кеңейтуге және өткізу шығынын төмендетуге жағдай жасау маңызды.
– Егістік көлемі өскенімен, шағын фермердің пайдасы азайса, мұндай өсімнің мәні төмендейді. Жүгері шаруашылығының тиімділігін арттыру үшін қандай мәселелерді бірінші кезекте шешу керек?
– Ең алдымен, ұсақ шаруалардың өндірістік шығынын қысқартуға назар аудару қажет. Бірнеше гектар жері бар фермердің жеке комбайн немесе кептіргіш сатып алуға қаржысы жете бермейді. Сондықтан ортақ техника пайдаланатын сервистік орталықтар мен кооперацияны дамыту тиімді бағыт деп есептеймін.
Бірнеше шаруашылық бірігіп, техника мен сақтау инфрақұрылымын пайдаланса, әрқайсысының шығыны азаяды. Екінші мәселе ылғал үнемдейтін технологияларды кеңінен енгізу арқылы өнімділікті арттыру. Үшіншіден, астық кептіру, сақтау және тасымалдау қызметінің қолжетімді болуы маңызды.
Жүгеріні тек шикізат ретінде сатып қоймай, өңделген өнім көлемін арттыру өңір экономикасына қосымша пайда әкеледі. Біздің ұстанымымыз бойынша, ауыл шаруашылығындағы нақты жетістік жиналған тоннамен ғана емес, сол өнімнен шаруаның қанша табыс тапқанымен өлшенуі тиіс.
– Әңгімеңізге рахмет
📌 Подписывайтесь на Telegram-канал Ertenmedia: коротко о главном, самая актуальная информация здесь!







