Журналист Михаил Козачков өзінің жеке парақшасында әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың (ӘКК) сауда желілерімен жұмысына арналған талдау жариялады. Автор супермаркеттер мемлекеттен су тегін несие алып, оңай пайда табады деген пікірдің астарын ашып, іс жүзінде бағаны ұстап тұру тетігі сауда орындарын шығынға, банк кепілдігі мен ірі айыппұлдарға қалай соқтыратынын түсіндірді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Atameken Business эфиріндегі пікірталас пен «арзан несие» мифі
Михаил Козачковтың жазуынша, ол Atameken Business телеарнасындағы «Дневной формат» бағдарламасының ӘКК жұмысы мен экономикаға тигізер пайдасына арналған соңғы шығарылымын қызығушылықпен көрген. Бағдарлама барысында сарапшылар әр өңірдегі корпорациялардың табыстылығы әртүрлі екенін, алайда сынның бәріне бірдей жаппай айтылатынын сөз еткен.
Журналист әсіресе ҚР Сауда желілері одағы басқарма төрағасының орынбасары Эльбеги Абдиевтің сөздері тақырыпты жаңа қырынан ашқанын атап өтеді. Спикер ірі супермаркеттердің ӘКК-мен ынтымақтастығы онша сәтті емес екенін айтып, желіде бірнеше жылдан бері сауда желілері тиын-тебен пайызбен қыруар ақша алады деген миф жүргенін жоққа шығарған.
400 теңгелік картопты 200-ге сату мен 10 пайыздық айыппұл
Козачков баяндаған Эльбеги Абдиевтің түсіндіруінше, іс жүзінде сауда желісі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік сатып алуға ақша алғанда, келісімшартта тауардың сату бағасы мен өткізу мерзімі қатаң белгіленеді, ал үстемеақы мейлінше төмен болады. Кейде нарықта арзан өнім болмағандықтан, супермаркеттер картопты келісіне 400 теңгеден сатып алуға мәжбүр, бірақ келісім бойынша оны 200 теңгеден қымбатқа сата алмайды. Ақша түсіп қойған соң, оны игеру керек, әйтпесе айыппұл салынады.
Базарлар мен басқа дүкендер дәл сол картопты 500–600 теңгеден сатып жатқанда, сатып алушы супермаркеттен 200 теңгеге жаппай алып кетеді. Егер жоғары сұраныстан тауар таусылып қалса немесе қызметкерлер оны сөреге дер кезінде жайғастырып үлгермесе, ӘКК өкілдері мұны келісімді бұзу деп танып, несие сомасының 10 пайызы мөлшерінде айыппұл салуы мүмкін — мұндай сома жүздеген миллион, тіпті миллиардтаған теңгеге жетеді.
Екінші кедергі — банк кепілдігі. Жеңілдетілген ӘКК несиесін алу үшін сауда желісі банк кепілдігін ұсынуға міндетті, ал оған міндеттеме сомасының бірнеше пайызын банкке төлеуге тура келеді. Соның салдарынан кейбір сауда желілері мемлекеттік ақшамен жұмыс істеуден бас тарта бастаған, тек ірі қалаларда әлеуметтік жүктемеге байланысты бағаны ұстап тұру үшін шығынға қарамастан қатысуға мәжбүр. Іс жүзінде бағаны реттеуге бөлінген қаржы сауда желілері арқылы бірден ауыл шаруашылығы өндірушілеріне кетеді, бірақ барлық жауапкершілікті супермаркеттер арқалайды.
Ақшаны дүкенге емес, шаруаға тікелей беру ұсынысы
Осындай жайттарды саралаған Михаил Козачков арзан несиелердің шын мәнінде онша арзан еместігін, ал мемлекеттік көмектің мұндай тетігі тиімді бола бермейтінін түйіндейді. Хабарға қатысушылардың пікірінше, мемлекеттік қолдау қаржысын ортадағы сауда желілерін алып тастап, тікелей шаруа қожалықтарына аударған әлдеқайда дұрыс.
Журналист атап өткендей, қаражат тікелей өндірушілерге берілсе, супермаркеттер банк кепілдігіне пайыз және сөредегі тауар таусылғаны үшін айыппұл төлеуден құтылады; ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері өнім көлемін арттыруға ден қояды; ал мемлекет белгіленген бағамен халыққа қанша ет, тауық еті, картоп, қант және өзге де өнімдер сатылатынын нақты біліп отырады. Сөз соңында Козачков шенеуніктерге бизнес өкілдерінің үніне құлақ асу үшін алдымен осы бағдарламаны көріп шығуға кеңес береді.
📌 Подписывайтесь на Telegram-канал Ertenmedia: коротко о главном, самая актуальная информация здесь!







