Мемлекеттік кірістер комитетінің ұжымы ведомствоның қазіргі басшысы Жандос Дүйсембиев тағайындалар бұрын үндеу жасаған. Үндеуді ұжым 2023 жылдың қыркүйегінде «Беркут под солнцем» телеграм арнасына жіберген. Телеграм арнаның мәліметінше, Дүйсембиев Назарбаевтар әулетімен тікелей байланысты адам болуы мүмкін, — деп хабарлайды Dalanews.kz.
Үндеудегі мәлімет бойынша, Жандос Дүйсембиев тағайындалар бұрын оның орнына кім отырады деген сұрақ президент әкімшілігі, сол кездегі премьер-министр Әлихан Смайылов пен Марат Сұлтанғазиев арасында қызу талқыға түскен.
Ал МКК басшысы болып тағайындалған Жандос Дүйсембиевтің Самат Әбішпен рулық (Шапырашты) туыстығы бар болып шықты. Дүйсембиев аудит департаментін басқарып жүрген кезде кейбір компанияларға «крыша» болған. Ол сол компанияларда қылмыстық жолмен алынған ақшаларды заңдастырып, қолма-қол ақшаға айналдыруға көмектескен. Одан бөлек, оның негізгі міндеттерінің бірі – Назарбаевтар әулетімен байланысты компанияларға тексеріс жүргізуді болдырмау.
«Жыл басында бірнеше медиа қаржы министрі Жамаубаев кеден бекетіне барғаннан кейін бірнеше адам қызметтен кеткенін хабарлады. Бірақ бұл жайттар сол кезде Қазақстан кеденінде болып жатқан контрабанданың негізгі жетекшілеріне қатысты болмаған, оның ішінде:
М.Сұлтанғазиев – оның басшылығымен бірыңғай кеден операторлары құрылып, ол жерге «өздерінің» компаниялары тіркелген. Сыртқы экономикалық қызметке мүше компаниялар Қытайдан келген тауарларды уақытша сақтау қоймаларына сақтау үшін ондаған мың доллар төлеуіне мәжбүр болған. Осылайша, Сұлтанғазиев мемлекеттік шекара сегментінің жеке қолға өтіп кетуіне, яғни «өздерінің араларындағы» компанияларға өтуіне ықпал етті. Сонымен қатар, Сұлтанғазиев контрабандалық жүйелерді Қайрат Сатыбалдымен келісіп отырып қабылдап, ай сайын, тұрақты түрде 500 мың доллар және одан көп ақша алып отырған», — делінген телеграм арнада.
Кеден бекетіндегі ауыс-түйістен Қайрат Жұмағұлов та құтылып кеткен. Телеграм арнаның мәліметінше, ол кеден бекеттерінің жұмысына тікелей жауапты болған. Жұмағұлов та Сатыбалдымен тығыз байланысты адам және оның бұйрықтарын орындап отырған көрінеді.
Тағы бір адам – Әнипа Назарбаеваның туысы – Елдос Саудабаев, ол Назарбаеваның кедендік жүктерін бақылауды жүзеге асырып отырған. Төртінші адам – Бектас Айнақұлов. Ол елдің барлық кедендік тексерулеріне басшылық жасайды. Жалған тексерулер жүргізіп, контрабандалық жүктерге көз жұма қарайды. Телеграмдағы мәлімет бойынша, Саудабаев — Дүйсембиев пен Сұлтанғазиевтің адамы.