Экономист сарапшы Мақсат Халық Қазақстанның қазіргі экономикалық хал-ахуалы, соның ішінде алтын мәселесіне қатысты пікір білдірді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Сарапшы Қазақстан неліктен импортқа тәуелді болып отырғанын айтты.
«Мәселе тереңде жатыр, 30 жыл бойы жинақталған, қордаланған мәселелер. Ең әуелі мұнайды тауып, оны сыртқа шығарудың өзінде жатыр. Әлі күнге дейін мұнайды шикізат ретінде сатамыз. Тау-кен саласының өнімдері, металдар — барлығын шикізат ретінде беріп отырмыз. Оны өңдеп, құн қосып беретін болсақ, елге келтіретін пайдасы да көп. Одан кәсіппен айналысып отырған адам көбірек табыс табады, мемлекетке көбірек салық төлейді. Осы тізбек бұзылып тұр. 90-жылдары мұнай-газ саласында жасалған келісімшарттардың көбі дұрыс емес деп айтылады. Оның бәрі қазір ашық талқыланбайды. Оның бәрі ашық талқылануы керек. Ол жерде ұлттық мүдде жоғалған болса, сол ұлттық мүддені қайтару талаптары қойылуы керек. Құжаттар қопарылуы, қарастырылуы керек», — деді ол «Қасқа жолға» берген сұхбатында.
Сонымен қатар, шеттегі активтер мәселесі турасында сөз қозғады.
«Осы жылдарда елден капитал асып кеткен, офшор асып кеткен ақшалар бар. Оның көлемі әртүрлі айтылады. Ең жоқ дегендегі сан — 160 млрд. доллар. 160-200 млрд. доллардың арасындағы қаражат деп те айтылады. Көп жердегі дерек осындай. Кейбір деректер 500 млрд. дейді. Ол көп те болуы мүмкін. Бірақ 200 млрд. доллар деп алғанның өзінде Қазақстанның бір жылдық жалпы ішкі өнімі шығады. Сонда тұтастай бір Қазақстан шетелге кетті деуге болады. Бұл — 30 жылдың ішінде кеткен ақша. Оның бәрін бірден қайтара салу мүмкін емес, ең құрымағанда 50 пайызы қайтса, 100 млрд. долларды елге кіргізе аламыз. 100 млрд. доллар деген — үлкен қаражат. Өйткені Ұлттық қорымыздың өзі алпыс-ақ млрд. доллар», — деді сарапшы сұхбатта.
Арна дерегіне сүйенсек, Ұлттық банк былтыр 120 тонна алтын сатқан. Экономист мұның елімізге кері әсері мен тиімді тұсын атап көрсетті.
«Ұлттық банк соңғы жылдары алтын қорын ұлғайтты. Біз алтын қоры бар елдердің көшбасына шықтық. Алғашқы 13, 14-орындарға дейін көтерілдік. Алтын ретінде резервте қаражат ұстау жақсы. Ертеңдері қандай да бір дағдарыс болып жатса, қатты құнсызданулар болады, доллар шарықтайды, теңге әлсірейді. Белгілі бір жинақ алтын резерв қорында тұрса, ондай уақыттарда алтынның құны ұшады.
Қазірдің өзінде алтынның құны жоғарылап жатыр. Оның барлығы бір сигналды көрсетеді. Әлемде тұрақсыздық басым. Геосаяси жағдайлар (болып — еск.), әрбір жерде соғыс оты тұтанып жатыр. Мұның барлығы инвесторлардың қандай да бір жағдайлардан қауіптеніп, ақшаларын алтынға ауыстыра бастағанын көрсетеді. Алтынның бағасы өсе бастаған кезде Ұлттық банктің сатып жатқаны белгілі бір дәрежеде тиімділік те. Ол резервтерінің көлемін ұлғайту үшін, артық алтын болса, қаражатқа айналдыру мақсатында жасалынады. Мұны дұрыс емес деп айтуға болмайды. Негізінен қазіргі жағдайда алтын резервін көбейткен, сатпай жинаған дұрыс. Өйткені қазір алтынның бағасы өсіп жатыр. Ол деген — әлемде бір кризис орнап қалуы мүмкін деген сөз. Ондай жағдай болып жатса, кім алтын қорын көбірек жинады, сол мемлекетте тұрақтылық болады», — деді экономист.