Әлеуметтік желіде Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрына қатысты дау шыққан еді. Жағдайға министрлік жауап берді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі мәліметінше, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының қызметкерлеріне қатысты жағдай қолданыстағы заңнамаға сәйкес, театр құрылымын қайта жасақтауға байланысты болған.
«Өзгеріс бойынша бұрынғы лауазымдар жойылып, жоғары біліктілікті қажет ететін жаңа лауазымдар енгізілді. Осы өзгерістерге қатысы бар барлық қызметкерге бос лауазымдар немесе қызмет көрсету шарты бойынша жұмыс ұсынылған, бірақ олар жұмыстан бас тартып отыр. Айта кетейік, театр барлық өтемақыны төлейтін болады. Мәдениет және ақпарат министрлігі іске заңды тұрғыда қызметтік тексеру жүргізеді, оның нәтижелері кейінірек жарияланады», — деп жазылған хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының көрерменмен жұмыс жөніндегі менеджері Назерке Әбілқасымова әлеуметтік желіде театр қызметкерлері заңсыз жұмыстан шығарылып жатқанын мәлімдеді.
Qaz365.kz театр қызметкерінің мәлімдемесін жариялады. Назеркенің айтуынша, театрдан кірген адамды қарсы алып, бағыт-бағдар көрсетіп, көрерменге орнын көрсететін қызметкерлер — капельдинерлер. Сонымен бірге, капельдинерлер театрда тазарту жұмыстарына жауапты.
«1 шілдеге дейін театрда 9 капельдинер жұмыс істеген. Сол күні бүкіл театр еңбек демалысына кетеді. Біз 1 шілдеде бәріміз демалысқа шығатынымыз жөнінде өтініш жазуға келгенбіз. Бірақ театрға кіргенімізде бізді театрдың кадр бөлімінің бастығы қарсы алып, бейресми түрде біздің бөлім таратылып кеткенін айтты. Яғни, бізді, 9 капельдинерді қысқартып жіберген. Осы жаңалықты естіп, не дерімізді білмей қалдық», — дейді ол.