Оrda.kz тілшісі әуежай полициясының желілік бөлімінің бастығынан қауіпсіздік мәселесіне қатысты пікір білдіруін сұраған. Өйткені әуежай қызметкерін кепілге алған ер адам қатаң тексеріс аймағына пышақты қалай алып кіргені түсініксіз, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Подполковник Руслан Өзбеков қылмыскер қатаң тексерісті талап ететін аймаққа суық қаруды қалай апарғаны туралы ойын айтты.
«Әуежай аумағына пышақпен кіру мүмкін емес. Өйткені тексеру қызметі қатаң жұмыс істейді. Тергеу барысында қылмыскердің пышақты алып кіру себептері анықталады», — деді ол.
Қазір полиция шабуылдаушы қаруды тексеру аймағына қалай апарып, авиациялық қауіпсіздік қызметкеріне қауіп төндіргені тексеріліп жатыр.
«67 жастағы ер адам ұсталды. Ұсталғаннан кейін ол полиция бөліміне жеткізілді. Қазір уақытша ұстау изоляторында. Қылмыстық іс қозғалды», — деді полицей.
Оқиғаның мән-жайы
7 наурызда Алматы әуежайында қолында суық қаруы бар ер адам қызметкерді кепілге алды. Желіде әуежайда түсірілген видео тарады. Кадрлардан қолында пышағы бар ер адам қыздың шашынан ұстап алғанын байқауға болады. Оқиға ішкі терминалда болған.
Әуежайдың баспасөз қызметі мәліметінше, ер адам өзін жолаушы ретінде көрсетіп, рейс алдындағы қауіпсіздік аймағына жақындаған. Қызметкерлер одан құжатын сұраған кезде ол қызметкерді пышақпен қорқытқан. 7 минуттан кейін шабуылдаушыны полиция мен авиациялық қауіпсіздік қызметкерлері ұстады. Ол қамауға алынды.
Кейін Президент Алматы әуежайындағы оқиғаға қатысты батыл азаматты марапаттауды тапсырды.