Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин өткен аптада кейбір дәрі-дәрмектер мен ақылы медициналық қызметтерге 10 пайыз қосымша құн салығы (ҚҚС) салынатынын мәлімдеді.
Министрдің мәлімдемесі әлеуметтік желіні шулатып, ел-жұртты алаңдатып қойды деп жазады Ertenmedia.kz Жас Алашқа сілтеп. Себебі онсыз да жыл сайын қымбаттайтын дәрілердің бағасы енді тоқтаусыз шарықтай ма деп жұрт үрейленіп отыр.
Рас, дәрі-дәрмек бағасы жаңа салықсыз-ақ еселеп өсіп жатыр. Ұлттық статистика бюросының «дәрі-дәрмек бағасы соңғы екі жылда 15 пайыз қымбаттады» дегені көңіл жұбатарлық дерек емес. Өйткені нақты нарықтағы жағдай мүлде басқа. Халық күнделікті ішетін аспириннің өзі 77,8 пайызға, парацетамол 56,7 пайызға қымбаттап кеткен. Ал шетелдік дәрілердің бағасы тіпті 85 пайызға дейін өскен.
Министр Жұманғариннің айтуынша, Қазақстанға келетін дәрінің 85 пайызы – импорт. Ол импортқа берілген жеңілдіктер отандық өндіріске емес, делдалдар мен импорттаушылардың қалтасына құйылып жатқанын айтты. Алайда бұл қымбатшылықтың ауыртпалығы бәрібір халыққа түсетіні анық.
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Жұманғаринге «дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтерге салықты 5 пайыздан бастап, кезең-кезеңмен көтерсе қайтеді?» деген ұсыныс айтқан. Бірақ министр бұған құлақ асар түрі жоқ. «Шетелдік дәрі бәрібір қымбаттайды, ұстап тұру мүмкін емес» деп қысқа қайырды.
Ал Қазақстанның тәуелсіз дәріханалар қауымдастығының төрағасы Талғат Омаровтың сөзінше, бұл қымбатшылыққа салықтан бөлек, таңбалау жүйесінің қосымша шығындары да әсер етеді. Себебі Еуразиялық экономикалық одақ талап еткен дәріні таңбалауға арналған бір аппараттың құны – 200 мың доллар. Ірі зауыттар ондай құрылғының кемі он данасын алуға міндетті. Бұл – миллиондаған долларлық шығын. Оның үстіне бухгалтерлік есеп жүргізу үшін қосымша штат ашылмақ. Ақыр аяғында бұлардың бәрі дәрі бағасына қосылып, халықтың мойнына артылмақ.
Ал осы кезде емханалардағы жағдай одан әрі ушыққан. «Жас Алашқа» хабарласқан Жадыра Жұмаханның қызы сирек кездесетін дертке шалдыққан. Анасы тегін берілуі тиіс дәрісін бір жыл бойы емханадан ала алмай жүр. Алматы тұрғыны Әлия Базарбаева да қызын емдету үшін үйін сатып, қажетті гормондарды шетелден пошта арқылы алдырады. Енді бұған да ҚҚС қосылса, дәрінің құны аспандап кеткелі тұр.
Шетелде тұратын дәрігер Серік Тұрсын бұл салада ең әуелі салықты емес, медициналық қызмет пен дәрі-дәрмек жеткізу жүйесін оңтайландыру керек деп санайды. «Қазақстанда алдымен медицина қорларының жұмысын бақылауға алу керек. Олардың шығынына, сыйақысына лимит қойылуы қажет», – дейді маман.
Отандық медицина ғылымының кандидаты Жазира Сапарғалиева да мұны қолдап отыр. «Дәрі-дәрмек бағасын төмендетудің жолы – делдалдарды қысқартып, дәрілерді тікелей өндірушіден алу», – дейді ол.
Министрлердің медициналық саладан қосымша салық іздеуі – оңай ақша табудың жолы емес пе? Онсыз да ауруымен арпалысып жүрген халықты енді дәрінің құнымен қинау қай қисынға сыяды? Әлеуметтік әділетсіздікті жоюдың орнына оны күшейтетін бұл қадам елдің денсаулығын емес, қалтасын қағып тынбақ. Салық салғанша, алдымен дәрінің нарығын делдалдардан тазалап алмаймыз ба? Әйтпесе, халықтың денсаулығын салықпен емдеу мүмкін емес.