Алматы облысында экологиялық қауіп-қатерлерді азайтып, жергілікті шикізатты тиімді пайдалану мақсатында қамысты қайта өңдейтін алғашқы қағаз фабрикасы салынады. Жоба облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев пен Қытайдың Sichuan Dingshang Leishi Supply Chain Management Co., Ltd. компаниясының өкілдері арасындағы кездесуде таныстырылды.
Бұл бастама – индустрияландыруға жасалған қадам ғана емес, сонымен қатар өңірді көп жылдан бері алаңдатып келген мәселені шешуге бағытталған. Балқаш ауданы жыл сайын табиғи өрттерге тап болып келеді. Оның негізгі себебі – иесіз қалған және жағалау бойында өсетін қамыс. Ол тез тұтанып, сөндіру қиынға соғатындықтан, экологияға, жануарлар дүниесіне және тұрғындардың өміріне елеулі қауіп төндіріп отыр.
Енді бұл жағдай оң шешімін табуы мүмкін. Жоспарланып отырған фабрика жылына 200 мың тонна қамысты қайта өңдеп, 140 мың тонна дайын қағаз өнімін шығарады. Бұл тек экологиялық тәуекелдерді төмендетіп қоймай, өңірде қаптама, кеңсе және гигиеналық мақсаттағы өнімдер өндірісін жолға қоюға мүмкіндік береді.
— Бұл жобаны біз жасыл экономиканың маңызды құрамдас бөлігі деп есептейміз. Ол экологиялық тиімділікпен қатар, өнеркәсіптік даму мен халықты жұмыспен қамтуға серпін береді, – деді Марат Сұлтанғазиев.
Өндірістік кешеннің аумағы 20–30 мың шаршы метрді құрайды. Мұнда шикізатты қабылдаудан бастап, дайын өнімді буып-түюге дейін толық өндірістік цикл жүзеге асады. Барлық өндірістік үдерістер заманауи экологиялық талаптар мен стандарттарға сай болады.
Балқаш ауданының тұрғындары қамысты өткізіп қана қоймай, фабрикада жұмысқа орналасып, сонымен қатар жабдықтау тізбегінің айналасында шағын және орта бизнесті дамытуға мүмкіндік алады.
Аталған жобаның бастамашысы Жеңіс Қасымбек – «BC Lengthy Life» компаниясының бас директоры. Ол соңғы төрт жыл бойы қазақстандық қамысты Еуропа елдеріне экспорттап, бұл салада айтарлықтай тәжірибе жинаған. Енді осы экспорттық бағыт ішкі нарықтағы қайта өңдеу өндірісіне айналмақ.
— Бұл – жай ғана зауыт емес. Бұл – қамысқа деген көзқарасты түбегейлі өзгертетін мүмкіндік. Ол қауіп көзі емес, енді құнды ресурсқа айналады, – деп атап өтті Жеңіс Рахымберліұлы Қасымбек.
Жобаның жүзеге асуы Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайтып, Алматы облысының өнеркәсіптік және экологиялық дамуындағы жаңа кезеңнің бастауы болады деп күтілуде.