Алматыда Disney студиясының «Аңдар шаһары 2» анимациялық фильмінің қазақ тіліндегі премьерасы өтті. Көрсетілімге елге танымал қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер, Мәжіліс депутаттары, блогерлер, дубляж актерлері және журналистер жиналды. Кинотеатр фойесінде балалар мен ересектер кейіпкерлермен суретке түсіп, дубляж тобының өкілдерімен әңгімелесті. Фильм 27 қараша, бүгіннен бастап еліміздегі барлық ірі кинотеатрларда қазақ және орыс тілдерінде қатар көрсетіле бастайды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Disney үшін қазақ тіліне дубляж жасау соңғы жылдары тұрақты бағытқа айналып келеді. Компания әр фильмін шамамен қырық тілге аударады, соның қатарында қазақ тілі де бар.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының бастамасымен ірі студиялар әлемдік премьерамен қатар қазақша нұсқа ұсынуға көшті. 2024 жылы Disney «Ойжұмбақ 2», «Моана 2», «Муфаса. Арыстан патша» фильмдерін қазақшаға аударуға қаржы бөліп, отандық дубляж студияларымен жұмыс істеді. Биыл көрерменге «Ақшақар», «Лило мен Стич», «Элио» сияқты туындылар да қазақ тілінде жол тартты.
Алматыдағы тұсаукесерге дубляжға қатысқан актерлер толық құрамда келді. Джуди Хоппстың даусын актриса әрі әнші Сабира Жарасқызы, Милтон Рыcевичті театр және кино актері Бақытжан Әлпейіс, Капитан Буйволсонды Асан Мәжит, Дәу Мырзаны Еркебұлан Дайыров дыбыстады. Көрсетілімнен кейін көрермендер қазақша дыбыстаудың табиғи шыққанын, кейіпкерлер мінезіне сай дауыс таңдалғанын атап өтті.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлының айтуынша, әлемдік деңгейдегі контентті қазақ тілінде көру қазір қалыпты жағдайға айналып келеді.
Оның сөзінше, Disney секілді студиялардың қазақша нұсқаға қаржы бөлуі қазақстандық көрерменнің сұранысы бар екенін көрсетеді. Осындай жобалар балалар мен жастар үшін сапалы қазақ тіліндегі контент көлемін көбейтеді, күнделікті өмірде де, мәдени кеңістікте де қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтеді. Рауан Кенжеханұлы тілге қатысты ұстаным өзгергенін, енді қазақ тілі тек дубляж тілі емес, әлемдік анимациямен қатар жүретін толыққанды мәдени орта құра бастағанын айтты.

