2025 жылды еліміз Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялауы тегін емес. Бүгінде ел дамуы – тек шикізатқа немесе қаржылық капиталға ғана емес, адам капиталына, білікті мамандарға тікелей тәуелді. Оған жету жолдарының бірі – кәсіби білім беру ұйымдарының жаңа деңгейге шығуы, халықаралық серіктестікті күшейтуі.
Елімізде осы бағытта қадам басып отырған мекемелердің бірі – APEC PetroTechnic жоғары колледжі. Бұл оқу орны соңғы жылдары кәсіби білім беру саласында ерекше серпіліс жасап, халықаралық ынтымақтастықтың жаңа белесін бағындырғанын білеміз. Жақында колледж Қытайдың Zhejiang Business College оқу орнымен және Швейцарияның Swiss Institute of Technology and Entrepreneurship (SITE) ұйымымен екіжақты маңызды келісімдерге қол қойды. Мұндай меморандумдар – жалаң құжат емес, нақты мүмкіндіктердің бастауы, кәсіби білім беруді әлемдік стандарттарға жақындататын нақты қадам.
Қытайлық Zhejiang Business College-пен жасалған келісімнің мәні зор. Бұл тек студенттер алмасу ғана емес, екі елдің кәсіби маман даярлаудағы тәжірибесін тоғыстыру, жаңа әдістемелерді бірлесіп енгізу, білім берудегі үздік технологияларды қолдану мүмкіндігі.
Енді APEC PetroTechnic студенттері жазғы және қысқы білім беру лагерлеріне қатысып, бірлескен жобалар жасап, Қытайлық тәжірибелі мамандардан мастер-класстарына қатысып, біліктілгін арттыра алады. Әсіресе мұнай саласы, бизнес және цифрлық экономика бағытындағы ынтымақтастық – Қазақстан үшін стратегиялық маңызға ие. Мұндай байланыстар арқылы студенттер тек теориямен шектелмей, нағыз өндірістік тәжірибеден өтеді, әлемдік деңгейдегі жобаларға қатысуға жол ашады.
Ал Швейцариямен жасалған келісімге 2025 жылдың сәуірінде қол қойылған болатын. Меморандум аясында студенттер қос диплом алу мүмкіндігіне ие болады. SITE-пен бірлескен жобалар IT, медиа, бизнес және инновация салаларын қамтиды. Бұл – түлектердің біліктілігін халықаралық деңгейде мойындататын мүмкіндік. Шетелдік оқытушылардың шеберлік сабақтары, халықаралық форумдарға қатысу – студенттердің кәсіби көкжиегін кеңейте түсетіні анық. Келісім 2029 жылға дейін күшінде болады, демек бұл ұзақ мерзімді стратегиялық әріптестікке айналады.
APEC PetroTechnic колледжі 2012 жылдан бері еңбек нарығына нағыз бәсекеге қабілетті мамандарды даярлап келе жатқан білім ордасы. Оқу орнының басты ерекшелігі – ағылшын тілінде білім беру. Бұл түлектерді халықаралық еңбек нарығында сұраныстан қалмауына ықпал етеді.
Мұнда мұнай-газ өндірісі, IT, электрмен қамтамасыз ету, автоматтандыру және химиялық технология секілді жеті негізгі бағыт бойынша мамандықтар оқытылады. Студенттер заманауи зертханаларда тәжірибе жинақтап, дуальді оқыту арқылы өндірістік дағдыларын жетілдіреді.
Колледждің жетістігі тек оқу процесімен шектелмейді. Студенттер WorldSkills чемпионаттарында ел намысын қорғап жүргенін көпшылыңк жақсы біледі. Мәселен, Көркемай Мырзабаева есімді студент «Өндірістік автоматика» бағыты бойынша EuroSkills 2025 жарысына қатысып, жоғары нәтижеге қол жеткізді. Бұл – халықаралық деңгейде мойындалған кәсіби даярлықтың көрсеткіші.
APEC PetroTechnic түлектері бүгінде Теңізшевройл, Schlumberger, NCOC, KPI, KPO секілді ірі компанияларда еңбек етіп жүр. Кейбірі шетелдік университеттерде білімін жалғастырып, әлемдік жобаларға қатысып жатыр. Бұл – колледждің сапалы білім берудегі беделін айғақтайтын нақты дерек.
Басшылықтың айтуынша, мақсат – тек диплом беру емес, еңбекқор, технологияны меңгерген, бәсекеге қабілетті мамандарды қалыптастыру. «Жастарды білім алуға, еңбек етуге шақырамыз. Еңбек адамы – елдің тірегі», – дейді колледж ұжымы.
APEC PetroTechnic – сапалы білім мен жарқын болашаққа апаратын жол. Бүгін басталған халықаралық серіктестіктер – ертеңгі күні Қазақстанның білікті кадрларымен мақтануына негіз болары анық.