Солтүстік Қазақстанның тұтынушы құқын қорғау департаменті Қостанайда концерті өтпей қалған ресейлік әнші Ақмалдың жанжалына араласып, жүзден астам азаматтың ақшасын қайтаруға кірісті, деп жазады Ertenmedia.
25 қазанда Қостанайда Ақмал Қожаниязовтың (Akmal’) концерті өтуі тиіс болған. Соның алдында Қызылжарда өткен концертте әнші көрермен сыйға тартқан көк-сары түсті (Украинаның жалауынан аумайтын) пакетке қарап: «Мынаны өртеп жіберіңдер, түсі ұнамай тұр», – деп өзінің басқыншылық ұстанымын көрсеткен болатын.
Бұған желідегі жұрт дүр көтеріліп, Ақмалдың ит терісін басына қаптаған әрі Путин агрессиясын қолдайтын әншінің Қостанайдағы концертін өткізбеуді талап еткен. Халықтың ашуынан қорыққан ұйымдастырушылар техникалық себепке сілтеп концертті кейінге қалдырған еді.
Әншінің сөзіне сенсек, шығармашылық топ Қостанай филармониясының сахнасына шыққан сәтте жарық жалп етіп қалып, іс-шара кілт тоқтаған.
«Өкінішке қарай, жағдай солай болды. Жақын күндері қайта оралып, міндетті түрде концерт береміз», – деп ақталған Ақмал сол кеткеннен мол кеткен.
Ал Eventticket.kz сервисі арқылы билет алған көрермен ақшасын қайтара алмай, зар илеп отыр. Осы мәселе бойынша Солтүстік Қазақстанның тұтынушы құқын қорғау департаментіне 18 қарашадан бері жүзден астам адам шағымданған.
Департамент ұйымдастырушы тараптың тұтынушы құқын бұзғанын анықтап, кәсіпкерге азаматтардың ақшасын толық көлемде қайтару туралы ресми талап жолдады. Жалпы шығын 6 миллион теңгеден асады. Ақшаның қомақты бөлігін Ақмалдың «арқалап» кетуі де ғажап емес.
Айта кетейік, Ақмал Қожаниязов (Akmal’) Түркіменстанда туған, ұлты ұйғыр ресейлік әнші. Қазақстанға гастрольдік сапармен келген ол тағы екі қалада концерт беруді жоспарлаған. Әлгі жағдайдан кейін Өскемен мен Павлодардағы концерт те техникалық себепке байланысты өтпей қалып, амалы таусылған Ақмал еліне қайтқан.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.
2 мың долларға сатылған тағдырлар: «Хочу жить» тізімі мен Смадияровтың соңғы мәлімдемесі

