«Қазақстан теміржолы» АҚ бұрынғы президенті, белгілі кәсіпкер Ерлан Атамқұлов бірнеше танымал есімді атап, олардың қандай оқиғаларға қатысы барын айтты, – деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Жуырда Мәжіліс отырысында Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов «Қазақстан темір жолы» АҚ-ның қарызы шамамен 3 триллион теңгеге жеткенін айтқан еді. Ол ҚТЖ-ға банкрот қаупі төніп тұрғанын да ашық мәлімдеді.
«Менің ойымша, (Әлихан Смайыловтың — еск.) мұны жария етуінің бірнеше себебі бар. Бірінші себеп: «теміржол саласын болашақта қай топ билейді, қай топ өз бақылауына алады?» деген жұмыс басталды деген сөз. Екінші: Нұрлан Сауранбаевқа көп ақша бөлінді. Былтыр 50 локомотивке бөлінді. Теміржолда 7 миллиард доллар деген қарыз — үлкен апат. Тек теміржолға емес, елдің экономикасына өте қауіпті жағдай. (Смайылов — еск.) осыны түсініп, депутаттарға жария етті», — деді Атамқұлов бұл туралы Abay Live-қа.
Ерлан Атамқұлов өзіне дейін, өзінен кейін ҚТЖ-ны басқарғандарға баға берді. Өйткені ҚТЖ-ны басқарған Абылай Мырзахметовке қатысты іс қозғалған болатын, бір кездері ұлттық компанияны басқарған Жақсыбек Құлекеев те сотталып шықты, ал Сауат Мыңбаев мүлдем қызметтен кетті.
«Абылайдың (Мырзахметов — еск.) орнына келген соң көп нәрсені өте қысқа мерзімде зерттеп, бәрін көріп шықтым. Абылайдан ұрлық схемаларын кейін көрген жоқпын. Ал менің орныма Жақсыбек Құлекеев келгенде он ай ғана жұмыс істеді. Мен оның алдында да ол кісіні өте жақсы білетінмін. Сондықтан кетерде бәрін түсіндірдім, ол бүлдірген түгі де жоқ. Біз кеткенде теміржолдың депозитінде 800 млн. доллардай ақша жатты. Ол керісінше теміржолдың қорын сақтандыру, теміржолдың болашағы (үшін жұмыс істеді — еск.). Нақты тапсырмамен оны алып тастауға сол кездегі бір топтың адамдары (жұмыс — еск.) істеп отырған. Содан кейін Сауат Мыңбаев келді. Ол — өте ақылды жігіт. Экономикада істеген, мұнай жағын басқарған. Қарызды азайтамын деген ниетпен ол да көп нәрсені қорғауға (тырысып — еск.), көп нәрсені талан-таражға салуға кедергі жасаймын дегенде (өзіне кедергі келтірген — еск.). Нұрланды (Сауранбаев) танымаймын, жамандауға қақым жоқ. Бірақ бүгін кім болсын, ұлттық компания (басшысы — еск.), министрлер болсын ол орынға қалай, кім арқылы барып отырады?! Топтардың басшылары (Қазақстанды талан-таражға салып отырғандар — еск.) «мына жерге анау барады» (деп шешеді — еск.). Экономикаға, елімізге, болашаққа маңызды салаларға (басшылыққа баратын адамдарды — еск.) депутаттардың алдына неге шығармайды?!» — деп ашынды кәсіпкер сұхбатында.
Сондай-ақ, Атамқұлов Құлыбаевпен ешқандай байланысы жоғын айтты. «2007 жылы мен теміржолдан кеткен соң бір рет қана, 2015 жылы кездестім. Содан кейін екі ай бұрын прокуратурада көзбе көз кездестім», — деді ол Құлыбаев туралы.
ҚТЖ-ның бұрынғы басшысы сұхбатында бірнеше есімді атады.
«Біреуге жаманшылық жасайын деген ойымда да болған жоқ. Анадай салаға барғанда, қасқырдың аузы жесе де қан, жемесе де қан. Істеген ісім адал (болған соң — еск.), теміржолшылар үшін істеген соң мені көп нәрседен сақтап қалған шығар. Мен кеткенде (ҚТЖ-дан кеткенде — еск.) артымнан Қайрат (Қайрат Сатыбалды — еск.) жүз пайыз қалмайтынын білгенмін. Кеткеннен кейін «Ерланды отырғызу керек» деген әңгіме болыпты. Сол кезде бір-екі ағаларымыз «жақсы жұмыс істеп кетті, керек жоқ, не қыласың?!» деген. Ал бірақ Қайрат «отырғызыңыз» деп бірнеше рет айтыпты. Сол кезде Тимур да «бәрін тапсырды, не үшін отырғызасыңдар?» деп айтыпты. Тимур соны себеп қылып, «менің арқамда бостандықта жүрсің» деп қайта-қайта бетіме қояды. Көп нәрсе 2007-2009 жылдары басталды. Ал …мұртынан күліп қойып, бәрін бастаған — Кәрім (Мәсімов — еск.)», — деді ол.
Сонымен қатар, Атамқұлов бірнеше жыл бұрынғы оқиғаны еске алды. 2004 жылы белгілі банкир Ержан Тәтішев аңда жүрген жерінен мерт болды. 2018 жылы Мұратхан Тоқмәди Мұхтар Әбілязовтың тапсырысымен Тәтішевті өлтіргенін мойындаған болаын.
«Теміржол саласында Ержан Тәтішевтің компаниясынан 450 млн. доллар қарыз алғанбыз. Сондықтан ол жігітті өте жақсы танимын. Өмірде көп араласып жүрген жоқпыз, бірақ жұмыс бабымен өте ақылды, өте қарапайым, болашағы өте зор жігіт еді. Мұрат Тоқмәдимен 1996 жылдары танысқанбыз. Аңшылыққа жақын болған соң бұл да аңшылыққа жақын болды. Ол алып бара жатқан бизнесмен де емес еді. Бұл (қаралы оқиға — еск.) сенбі күні болған нәрсе. Жұма күні Мұратхан маған қырық рет хабарласқан шығар. «Бүгін түнде қатты қар жауады. Тәтішевпен бірге сенің ауылыңа, қасқыр атуға бара жатырмыз. Ержан Мәскеуден келе жатып, «Ерекең де барса жақсы болатын еді» деді» дейді. Мен Ержанмен оның алдында 3-4 күн бұрын телефонмен сөйлескенмін. Аңға шығамыз деген әңгіме болған жоқ. Аңшылыққа шыққанда көп адам жүргенін өте жек көремін. Осындай жағдайлар болуы мүмкін. Мұратханға «басқа жерге бара жатырмын, Ержанға сәлем айт, ол жерге бара алмаймын, өздерің барып, аңшылық жасай беріңдер» дедім. Одан кейін 15-20 рет хабарласты. Сонда олар сағат 10-да Алматыдан шығып кетті. «Менің дайындығым жоқ, мен таңертең шығамын» деп одан құтылдым. Бірақ біз Алматыдан сағат 2-де екі көлікпен шығып кеттік. Қордайға жақындағанда олардың екі көлігі шыққан ізін көрдім. Жанында қасқырлардың ізі бар, осы жерден бұрылып, қасқыр қуып кетті деп ойладым. Мен Шуға барып, өзім аңшылыққа тауға шығып кеттім. Тауда телефон ұстамайды. Келгенде хабарласқан отыз хабарлама келіп тұр. Оның ішіне бір ағамыз хабарласқан. Мен қайта хабарласып, «аға, не болып қалды?» дедім. «Сен, қайда жүрсің?» деді. «Аңшылықта жүрмін» дедім. Сонда мына оқиғаны сол кісі айтты. Атын айта алмаймын. Олардың (Тәтішевке қастандық ұйымдастырғандардың — еск.) жоспары бойынша (оқиға болған жерде — еск.) жанында ұлттық компанияның басшысы болды деп мені сол жерге куәгер етіп, не оқиға болған көлікке, не жанындағы көлікке мені отырғызып қою керек еді. Сот болғанда мұны да айтқанмын. Ал артында кім тұрғаны, жүз пайыз жоспарланғаны белгілі. Мұхтар Әбілязов. Ол кісімен өмірімде үш рет кездескен шығармын. Онымен бизнес, байланыс жасаған жоқпын.
Мұрат бір-екі жылдай Ержанға жақын болып кетті, аңға шығып, дос болып кетті, сеніміне кірді. Ол өзі ондайға бармайтын еді. Бұл оқиға болған соң байып кетті. Зауыты болды. Оның артында біздің ағаларымыз да тұрды. Кім тұрғанын да білемін. Бірінші сотта сотталмай кеткенін Әбілязов істей алмайтын еді. Осы жерде ағаларымыз оны қорғап, бірінші соттан жіберген. Сондықтан Мұратхан абайламай атып қалды дегенге сенбеймін», — деді кәсіпкер.