Astana LRT экс-басшысы Талғат Ардан мен экс-акционер Олжас Тоқтаров жауап алуға келген жоқ, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
«Тергеу барысында сотқа дейінгі тергеу органы күдіктілердің ҚР шегінен тыс жерде болуына және келуден жалтаруына байланысты жауап алуға шақыру жөнінде шаралар қабылдады, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 205—баптың үшінші бөлігін басшылыққа ала отырып, күдіктілерді БАҚ-қа шақыру туралы хабарламалар жариялады. Алайда олар жауап алуға ақыры келген жоқ«, — деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Бигайдаров брифингте.
Ардан мен Тоқтаровқа қатысты істер аяқталып, 19 қыркүйекте қылмыстық іс сотқа жіберілді.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Astana LRT ЖШС-ның бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Арданға қатысты қылмыстық істі тергеп жатқаны белгілі болды.
Антикор мәліметінше, тергеу нәтижесінде ауыр қылмыс жасауда жиналған дәлелдер күдікті Талғат Ардан әрекеттерін ҚР Қылмыстық Кодексінің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша саралауға мүмкіндік берген.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 208-бабы 1-бөлігіне сәйкес күдікті жауап алуға шақырылды. Алайда күдікті Талғат Ардан Қазақстан Республикасынан тыс жерде болуына және келуден жалтаруына байланысты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ҚР ҚПК-нің 205-бабының 3-бөлігін басшылыққа ала отырып, күдіктіні шақыру туралы хабарламаны бұқаралық ақпарат құралдарында да жариялады.
«Жауап алу және күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулыны жариялау үшін Талғат Ардан 2024 жылы 23 тамызда сағат 09:00-де Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 19, «Б» блогы мекенжайында орналасқан Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің әкімшілік ғимаратына жедел-тергеу тобының басшысы Ж. Өтепқалиевке келуі қажет. Күдікті тергеу әрекеттеріне қатысу үшін қорғаушыны дербес шақыруға не қылмыстық процесті жүргізуші органның қорғаушының қатысуын қамтамасыз ету туралы өтінішхат беруге құқылы (ҚР ҚПК 68-бабы). Егер қорғаушыны күдікті немесе оның заңды өкілдері, сондай-ақ олардың тапсырмалары бойынша басқа адамдар шақырмаса, қорғаушының қатысуын қылмыстық процесті жүргізетін орган қамтамасыз етеді (ҚР ҚПК 67-бабы)», — деп хабарлаған еді бұған дейін ведомство.