Қазақстан мен Ресей арасындағы экономикалық маршруттардан да саясаттың салқыны сезіле бастағандай… Күні кеше ТМД-ға мүше мемлекеттердің Теміржол көлігі кеңесінің дирекциясы Ресей темір жолдары компаниясының («РЖД» ААҚ) сұрауы бойынша Қазақстаннан Ресейге бірқатар ауыл шаруашылығы жүктерін тасымалдауға уақытша тыйым салынғанын «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.
Бидайды вагонға тиеп, Ресейге қарай жол тартқан шаруалар мен экспортшылар бүгін – Теміржол көлігі кеңесінің дирекциясы енгізген уақытша конвенциялық тыйым туралы естіп, не істерін білмей дал болуда. Бұл тыйым – жай ғана экономикалық шектеу емес. Оның артында – аграрлық саясат, сауда мүддесі және одақтас елдер арасындағы көзге көрінбейтін бәсеке тұрғаны анық.
Атап айтқанда, бұл шектеу бидай, жасымық және майлы зығыр тұқымдарына қатысты болып тұр. Қазақстаннан Ресейдің кез келген теміржол станциясына бағытталған тасымалдарға толықтай тосқауыл қойылды. Бұрынғы кеңестік теміржол желісімен астық артқан әр вагон енді бюрократиялық кедергілерге тап болды.
«РЖД» ААҚ бастамасымен жасалған бұл қадамды көп сарапшы ресейлік агросекторды қорғауға бағытталған протекционистік шара ретінде қабылдауда. Ресей, ішкі нарығын сақтап қалуға, бағаны тұрақты ұстауға ұмтылып отырғаны анық. Бірақ бұл арада ұтылып отырған – тек Қазақстан емес, одақтық сауда мен интеграциялық процестердің болашағы.
Бір қарағанда, шектеу толық емес секілді – Новороссийск пен Новый Порт арқылы өтетін транзиттік тасымалдарға бұл тыйым жүрмейді. Бірақ шарттары қатаң – әрбір вагон фитосанитарлық сертификатпен қоса жүруі керек, әрі астық тікелей кемеге қайта тиелуі тиіс. Бұл – логистикалық тұрғыда қиын әрі қымбат операция.
Бұдан қандай қорытынды жасауға болады? Бұл – кезекті экономикалық сигнал. Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда байланыстары ешқашан тек теміржолмен ғана шектелмейді. Бұл – саяси тетік. Бір жағы қысса, екінші жағы амал іздейді. Бұл тыйым – біздің фермерлер үшін, экспорттаушылар үшін – ауыр. Бірақ шын мәнінде бұл – ЕАЭО аясындағы теңсіздіктің тағы бір көрінісі.
Соңғы уақыттары Астана мен Мәскеу арасындағы үнсіздік көбейіп барады. Достық сөздер мен интеграциялық уәделер көп болғанымен, нақты әрекеттер басқа арнамен кетуде. Ал бұл жағдай – соның бір көрінісі ғана.
Әзірше Қазақстанның экспорты уақытша тұйыққа тіреліп тұр. Саясат – саудадан биік екенін тағы да көзіміз жетті.