Белгілі адвокат Нұрлан Жолболов Атыраудағы экологиялық ахуалдың күрт нашарлағанын айтып, облыс әкімі Серік Шәпкеновтің қызметінен кетуін талап етті деп жазады Ertenmedia.
Заңгердің айтуынша, қазір Атыраудағы жағдай шегіне жеткен.
«Күн сайын түн мезгілінде қала тұрғындары қауіпті химиялық заттардан тұратын «улы коктейльмен» тыныс алуға мәжбүр. Оның құрамында күкіртсутек, аммиак, бензол бар. Бұған енді өткір күйе иісі қосылды. Қаладағы мыңдаған отбасы терезелерін ашудан қалды, себебі таза ауаның орнына үйге у кіріп жатыр. Ал облыс әкімі Серік Шәпкенов бұл мәселеге мүлде назар аудармайды. Ол не бұл мәселені көрмейді, не көргісі келмейді», – дейді адвокат.
Нұрлан Жолболов «Қазгидромет» мекемесінің деректерін мысалға келтіріп отыр.
Мысалы, 2024 жылы қала ауасындағы күкіртсутектің көлемі рұқсат етілген шектен 4-6 есеге асып кеткен. Бұны экологиялық апат деуге толық негіз бар.
«Балалардың тыныс алу жолына қатысты аурулары еліміздегі орташа көрсеткіштен екі есе жоғары. Жайық өзенінің су деңгейі де апатты межеге жетті. Теңізшевройл, Атырау мұнай өңдеу зауыты, ҚазМұнайГаз сияқты кәсіпорындарда апаттар жиі тіркеледі. Алайда жергілікті әкімдік тарапынан нақты шаралар байқалмайды. Кінәлі кәсіпорындар неге нақты аталмайды? Неге оларға тиісті жаза қолданылмайды?» – дейді заңгер.
Заңгердің сөзінше, қоршаған ортаны қорғау туралы заңның 13-бабы бойынша, әрбір азаматтың таза әрі қауіпсіз ортада өмір сүруге құқығы бар. Осыны қамтамасыз ету облыс әкімінің тікелей міндеті.
«Егер экологияны қалпына келтіре алмасаңыз, қызметіңізді босатыңыз», – деді адвокат.
Сонымен қатар, адвокат өңірде жиі қайталанатын қамыс өртінің кездейсоқтық емес екенін алға тартты.
«Әкімдік қамыс өртенуін ыстық күн мен желден көреді. Алайда бізде оның әдейі өртелгені туралы дәлелдер бар. Бұл мәселе өте күрделі, себебі қамыс өрті 10-15 шақырым аумақты қамтып жатыр. Бұл халықты алаңдататын жағдай», – дейді Жолболов.
Айта кетейік, бұған дейін қалада бірнеше күн бойы қалың түтін сейілмей тұрғаны хабарланған еді. «Ақжайық» резерваты аумағында қамыс өртеніп, Атырау қаласын тұмшалаған күйік иісі мен ауаның қауіпті деңгейде ластануы тіркелген болатын.