Аягөзде әскери адам үйінде өлі табылды, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Ақпаратты Аягөз гарнизоны растады.
«19 қыркүйекте жұмыстан тыс уақытта Аягөз гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде қызмет ететін офицердің денесі үйінен табылды. Алдын ала ақпарат бойынша офицер өзіне-өзі қол жұмсаған», — деп хабарлады гарнизон өкілдері.
Істің мән-жайы анықталып жатыр. Әскери қызметкердің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Алайда ulysmedia.kz мәліметінше, марқұмның туыстары бұл жайтқа сенбейді.
«Ол Қызылордада университетте оқыған. Сол жерде әскери кафедраны бітірген. Запастағы лейтенант болып шыққан. Осы жылдың 7 қыркүйегінде әке-шешесі, әжесі, атасы – барлығы жолға шығарып салған. 9 қыркүйекте жұмысын бастағанын хабарлаған.
Аягөзде оны екі жылға қызметке шақырған еді. Бір сағат бұрын суық хабар келді. Асылып қалған дейді. Командирдің орынбасары солай айтты. Бұл жақта күмән туады. Кеше ғана барған адам қалайша асылып қалады? Күмән туып жатыр, – дейді әскери қызметкердің жездесі Дархан.
Айта кетейік, жуырда депутат Нартай Аралбайұлы соңғы 3 жылда 270 әскери қызметкер ажал құшқанын мәлімдеген еді.