Жасөспірім баланың жанын жаралайтын ең ауыр соққы қатарластарының әлімжеттік әрекеттері. Мұндай жайттар көзге көрінбегенімен, баланың өмірін шайқап, психологиялық салмақ түсіретіні жасырын емес. Соңғы кездері балалардың бір-біріне деген қатыгездік пен тасбауырлығын көргенде өн-бойын түршігіп кетеді. Әлімжеттік – қазақы ұғымға жат дүние сияқты көрінгенімен, жасөспірімдер арасында жүйелі түрде қайталанып жатқан құбылыс екенін байқауға болады.
Бұрын «тәртіп бұзды» деген сөздер оқушыға тән дүние елі. Қазір «буллингтің құрбаны болды», «видеосы тарады», «өз-өзіне қол салды» деген тіркестер жиі еститін болдық. Абай облысындағы соңғы жағдай – осының кезекті мысалы. Бірігіп жүріп бір баланы соққыға жыққан топ, оны видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге салуы жай ғана инцидент емес. Біздер мұны қоғамға бағытталған дабыл деп қабылдауымыз керек.
Жасөспірімге зорлық көрсетіп, әлгі видоны желіге салып, тарту баланың болашағына талқандаумен тең дүние. Бұл – Кеңес заманынан қалған «мықтыны мойында» деген принциптің бүгінгі ұрпаққа жасаған қиянаты. Ол заманда әскерде, жатақханада, интернатта «дедовщина» болғаны рас. Ол кезде «тәрбие», «мықтылық», «тәртіп» деген ұғымдар – бірін-бірі қорлаумен, ұрып-соғумен, шендік иерархиямен өлшенгені жасырын емес. Сол жүйенің сарқыншағы әлі күнге дейін кейбір ата-ананың санасында өмір сүруде. «Бала ғой, ержетіп келе жатыр», «ер жігіт бір төбелессіз өспейді» дейтіндер бар. Ал сол төбелестің артында біреудің үміті, біреудің өмірі үзіліп жатқанын байқамаймыз.
Кей мектептерде «тәртіп» – «үндеме, көрмедім де» деген ескі әдіспен өлшенеді. Ал оқушы арасындағы әлімжеттік – тек мектеп ішіндегі шектеулі проблема емес. Бұл – психологиялық, педагогикалық, құқықтық және әлеуметтік факторлардың тоғысында тұрған құбылыс. Оқушы оқушыны ұрады. Мұғалім үндемейді. Ата-ана білмейді. Полиция кеш әрекет етеді. Нәтижесінде – бір бала көз жұмады, екіншісі темір торға тоғытылады.
Егер жастарымыз қорлыққа көндіксе, ол өмір бойы онымен өмір сүреді. Егер біз балаға «күш көрсету – билік құралы» деп ұғындырсақ, ол ертең басшы болғанда да қорқытуды әдетке айналдыратыны жасырын емес. Яғни бүгінгі буллинг – ертеңгі деспоттық жүйені қалыптастырады. Егер біз мектептегі бір-бірін басынып жүрген балаларды қазір тоқтатпасақ, ертең олар қоғамды басқаруға келгенде де басынуды заңды нәрсе деп қабылдайды.
Буллингке ұшыраған бала – өзін ешкімге керек емеспін деп есептейді. Ол өзін жалғыз сезінеді. Кейде ол ата-анасына да айта алмайды. Себебі ол қорқады «Сен неге әлсізсің?» деген сөз естіп қалам ба деп. Ал ата-ананың реакциясы – бұл мәселедегі шешуші фактор. Кей ата-ана «Саған тиісе берсе, сен де бір ұр!» дейді. Бұл кеңес емес, бұл арандату. Бұдан кейін бала өзінің кінәлі екенін, күш қолданбаса тірі қалмайтынын ойлап, агрессияны заңды құралға айналдыра бастайды.
Ал осындай ата-аналармен қалай жұмыс істеуге болады? Біріншіден, ата-аналардың өзіне жүйелі психологиялық білім беру қажет. Мектептерде ата-аналар жиналысын «баға үшін» емес, «тәрбие үшін» өткізу керек. Әр мектепте ата-аналарға арналған арнайы тренингтер болуы тиіс. Ата-ана мен бала арасындағы эмоционалды байланысты нығайту – буллингтің алдын алудың басты тетігі.
Екіншіден, мектеп әкімшілігі мен педагогикалық ұжым оқушы арасындағы буллингті формальды тексерумен емес, нақты мониторинг пен жүйелі әрекетпен қарауы қажет. Әр мектепте қауіп-қатер аймағындағы оқушылармен жеке жұмыс жүргізілетін жүйе енгізілуі тиіс. Айына бір рет оқушылармен құпия сауалнама жүргізу, шағым білдірудің аноним платформаларын жасау – бұл тек дамыған елдердің емес, біз де ендіруіміз қажет амалдар.
Үшіншіден, буллингке барған оқушы да – құрбан. Себебі ол да бір сәтте агрессияны өмір сүру құралы деп үйренген. Демек, ол да психологиялық көмекке мұқтаж. Оны жазалау арқылы ғана емес, оны емдеу арқылы қоғамға қайтара аламыз. Қатаң жазалау – кейде оны толықтай қатыгездікке итермелейді. Бұл жерде сот жүйесі де, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекция да сергек, бірақ ізгі ниетпен әрекет етуі тиіс.
Қоғамдық реакция – тағы бір мәселе. Әлеуметтік желіде буллинг туралы видео тараса, жұрт қызық үшін қарайды. Тіпті оны бөлісіп, пікір жазады. Оқиғаға байланысты «лайк» пен «қаралым» саны артады. Қоғам бұл әрекеттің зиянын сезінбейінше, ол әрекет қайталана береді. Сондықтан медиада буллингке қатысты бейнеконтентті таратудың арнайы этикалық кодексі, тыйым салынған ережелері енгізілуі тиіс.
Жасөспірім – болашақ көшбасшы. Бірақ қазіргі буллингке ұшыраған бала ертең сенімсіз, үрейшіл, өзін қорғай алмайтын, өзгені тыңдай алмайтын, мейірімсіз адамға айналуы мүмкін. Ал буллингке барған бала – өсе келе, күш арқылы басқаруға бейім, қатыгез әрі жауапкершіліксіз болмақ. Екеуі де – әлеумет үшін қауіп. Сондықтан бізге керегі тәртіп емес, түсіністік.
Айнұр НҰРЛАНҚЫЗЫ