Басы дауға қалған экс депутат Асқар Садықовтың орнына жаңа депутат сайланды. Бұл туралы «Ақжол» партиясының жетекшісі Азат Перуашев мәлімдеді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
«Кеше Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров әріптесіміз Серік Ерубаевқа “Ақ жол” Демпартиясы Мәжіліс депутатының мандаты мен белгісін тапсырды. Бүгін Серік Ерубаев «Ақ жол» Демпартиясы атынан Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің құрамындағы Мәжіліс депутаты қызметіне кірісті. Сәттілік тілейміз!» — деді ол.
Айта кетейік, 4 қыркүйекте «Ақжол» партиясының жетекшісі Азат Перуашев депутат Асқар Садықов не үшін партиядан шығарылғанын түсіндірген болатын. Перуашевтің сөзінше, партия атына Асқар Садықовқа қатысты бірқатар шағым түскен, онда айтылған жайттар пленумда қаралып, тиісті шешім шығарылған. Сонымен қатар, Перуашев Садықов әйел адамға ұятсыз ұсыныстар жасап, қысым көрсеткенін айтты.
Кейін Асқар Садықов осыған қатысты әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеме жасады. Ол «халық игілі үшін жұмыс істеп жүргенін» айтты.
«Мен алты баланың әкесімін және Азат Перуашевтің мәлімдемесіне қатысты пікір білдірейін деп едім. Мені лас ойындарыңыз бен манипуляцияларыңызға араластырмауды сұраймын. Мен енді үнсіз қалмаймын. Оның мәлімдемесі партия жетекшісінің деңгейіне сай келмейді. Бірақ Азат Перуашевтің өзі халықты адастырған кезі де болған. Оның жұмыс стилі сондай болса керек. Азат Перуашев, егер мені партиядан шығарғыңыз келсе басқа дәлелдер келтірсеңіз болар еді, бірақ сізде ол да жоқ. Менен әлі күнге дейін түсініктеме алынған жоқ.
Екіншіден, партия басшылығы бұл жайт туралы маған ескертпеді. Үшіншіден, бұл мәселе Мәжілістің тәртіптік кеңесінде талқыланған жоқ. Сіздің мәлімдемеңізді оқып таңғалып отырмын. Бірақ сіздің бұған дейінгі жалған мәлімдемелеріңіз БАҚ-тың есіне түседі деп ойлаймын. Азат Перуашев осы ақпарат арқылы өзінің орынбасары жемқор деген ақпаратты жасырып қалғысы келген болар. Менің ойымша, Азат Перуашев, сіз мақсатыңызға жеттіңіз», — дейді Садықов.