Бүгінде Біріккен Ұлттар Ұйымы сияқты екінші дүниежүзілік соғыстың қанды сабақтары негізінде құрылған ұйымның қазіргі қызметі – дау мен күмәннің нысанына айналғаны жасырын емес. Осы ретте «Жібек жолы» арнасындағы «Жаһан жайы» ақпараттық сараптамалық бағадарламасының саяси сарапшысы Айнұр Абайқызы Женевада орналасқан БҰҰ өкілдігінің басшысы, Швейцария халықаралық қатынастар форумының вице-президенті Давид Чикваидзені әңгімеге тартып, сұхбаттасқан еді. Давид Чикваидзе мырза тек шенеунік емес, сонымен қатар жүйенің ішінен сын көзбен қарай алатын интеллектуал. Сол себепті дипломатиялық риторикадан бұрын концептуалдық рефлексия аясында өрбіген сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
– Давид мырза, қазір әлемдік геосаяси архитектура ауысып жатқан тарихи сәтте БҰҰ қандай күйді бастан кешуде? Ұйым әлі де халықаралық қатынастарды реттей алады ма?
– Сұрағыңызға рахмет, бірден айтайын БҰҰ – идея. Ал идея – оны қолдайтын елдер болмаса, бос кеңістікке айналады. Бүгінде біз осы кеңістіктің ортасында тұрмыз. Яғни, мемлекеттер өздері құрған осы жүйені айналып өтіп, тек ұлттық мүдде аясында әрекет етіп жатқаны жасырын емес. Бұл дегеніміз жаһандық тәртіптің үзіліп, орнына фрагменттелген, анархиялық күштер логикасына негізделген бейберекет тәртіп орнай бастағанын көрсетеді.
Мәселе тек БҰҰ-да емес, оны құрайтын 193 мемлекеттің көпжақты дипломатияны құндылық емес, уақытша тактикалық құрал деп қарауында. Егер мемлекеттер тек «БҰҰ-дан біз не аламыз?» деген сұрақпен шектелетін болса, онда бұл жүйенің трансформацияланатыны емес, тұншығатыны айдан анық.
Яғни, қазіргі таңда біз концептуалдық вакуум жағдайында тұрмыз. Себебі ұйым мүшелері өзін БҰҰ-ның құрылтайшысы емес, тұтынушысы ретінде көреді.
– БҰҰ-ны реформалау туралы сөз көп. Бірақ нақты не өзгеруі керек?
– Иә, қазір реформалар туралы айту – сәнге айналды. Бірақ көпшілігі бұл сөзді бюрократиялық құрылымды өзгерту деп түсінеді. Менің ойымша, реформаның түпкі мәні – миссияны қайта анықтауда.
80 жыл бұрын әлемде нацизм, империализм, блоктық құрылымдар болды. Бүгінде әлемдік қауіп-қатерлер сипаты өзгерді – кибершабуылдар, климат дағдарысы, пандемия, азық-түлік қауіпсіздігі, миграция толқыны, прокси соғыстар. Ал БҰҰ осы өзгерістерге ілесіп, стратегиялық міндеттерін бейімдеп үлгермеді.
Мәселен, Қауіпсіздік Кеңесінің құрамы – Екінші дүниежүзілік соғыс нәтижесінің көрінісі. Ол жерде Африка да, Латын Америкасы да, мұсылман әлемінен бірде-бір мемлекет жоқ. Бірақ олар бүгінгі геосаяси ойында маңызды рөл атқаратынын жақсы білеміз. Демек, БҰҰ реформасы дегеніміз – өкілеттікті әділ қайта тарату, теңдік қағидасына оралу. Және ең бастысы – мемлекеттерді өзара сенім мен жауапкершілікке қайтару.
– Осы тұрғыда Қазақстанның рөлі туралы не айтар едіңіз? Біз өзімізді «орта держава» ретінде танытып жүрміз…
– Мен Қазақстанды жай ғана орта держава ретінде емес, конструктивті орта держава ретінде бағалаймын. Бұл – үлкен айырмашылық. Конструктивті держава дегеніміз тек экономикалық әлеуеті бар ел емес, сонымен қатар келісім алаңын ұсына алатын, сенім капиталын жинай алған мемлекет.
Қазақстан – Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне сайланған ТМД кеңістігіндегі санаулы елдердің бірі. Бұл – саяси беделдің тікелей көрсеткіші. Қазақстанның бейтарап ұстанымы, көпвекторлы саясаты және ядролық қарусыздану тәжірибесі – БҰҰ үшін үлгі боларлық кейс.
Мен бұл сөздерді формальды әдеппен айтып отырған жоқпын. Өзім БҰҰ жүйесінде жүргенде қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен жұмыс істедім.
Ол – жүйені ішінен көрген, халықаралық құқық пен дипломатияның терең мазмұнын түсінетін саясаткер. Қазақстанда осындай көшбасшы болғаны – ел үшін үлкен стратегиялық актив. Территория, ресурс, халық – әр мемлекеттің қолында бар. Бірақ бұл элементтерді дұрыс үйлестіретін интеллектуал көшбасшы болмаса, ол артықшылықтар тәуекелге айналуы мүмкін. Қазақстан бұл тепе-теңдікті сақтап отыр.
– Сіздіңше, қазіргі халықаралық жүйеде Қазақстан сияқты елдердің миссиясы қандай?
– Бұл өте маңызды сұрақ. Біз қазір көпполярлы әлемге өттік. Бірақ бұл полюстер тек АҚШ пен Қытай, Ресей немесе ЕО сияқты державалармен шектелмейді. Орта державалардың жаңа толқыны әлемдік тұрақтылықтың амортизаторы. Олар – шиеленісті бәсеңдететін, келіссөз бастамаларын ұсынатын, дипломатиялық импульс тудыратын буын.
Қазақстан – дәл осындай ел. Ол Иран-Израиль, Украина-Ресей, Ауғанстан, Сирия мәселесінде ешқандай жағында емес, бірақ барлық тараппен сөйлесе алатын санаулы медиаторлардың бірі десек болады. Бұл – үлкен артықшылық. Себебі бүгінгі әлемде қақтығысты емес, келісімді ұйымдастыратын елдер азайып барады. Ал Қазақстан бұл вакуумды толтырып отыр.
– Бұл миссияны жалғастыру үшін не істеу керек?
– Біріншіден, стратегиялық сабыр керек. Дипломатия – эмоциямен емес, ұзақмерзімді пайыммен жасалатын сала. Қазақстан қазір осы сабыр мен салмақты позицияны ұстанып отыр. Екіншіден, белсенділік. Жаңа бастамалар, жаңа алаңдар, жаңа форматтар қажет. Үшіншіден, серіктестік географиясын кеңейту. Африка, Латын Америкасы, Оңтүстік-Шығыс Азия – бұл болашақтың полюстері. Қазақстан дипломатиясы осы бағытта да белсенді болуы керек.
– Қорытынды сөз?
– Әлемнің бейберекет кезеңінде бізге тағы да жүйе қажет. Бірақ ол жүйе тек әскери немесе экономикалық емес, гуманитарлық, құқықтық және дипломатиялық негізде құрылуы тиіс. БҰҰ осы жүйені қайта іске қосатын алаңға айналуы керек. Ал оны іске қосатын механизм – дәл сіздердің елдеріңіз секілді конструктивті, парасатты ойыншылар. Қазақстанның дипломатиялық мәдениеті – бұл тек Орталық Азия үшін емес, бүкіл жаһандық тәртіп үшін үлгі.
– Сұхбатыңызға рақмет.