Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ana tili» газетіне берген сұхбаты көпшіліктің назарындағы басты тақырып болып тұр. Себебі бұл жарияланымда өткен жылдың қорытындысынан бөлек, еліміздің алға қойған даму бағыттары көрсетілген. Сыртқы және ішкі саясат, экономика, кәсіпкерлік, әлеумет, ел өмірінің барлық тұстары қамтылған. Осыған орай қоғам белсенділері мен сала мамандарының көзқарас, пайымдауларын оқырман назарына ұсынамыз.
БолатжанӘл Фараби , дінтанушы, қоғам белсендісі
Сұхбаттың символдық сипаты бар
Бұл сұхбатты Мемлекет басшысының «Ana tili» газетіне бергенінің өз символдық мәні бар. Біріншіден, қазақ тілді медиаға берген қолдауы, екіншіден, мемлекеттік тілді дамытуды көздегені деп түсіндім. Ұға білген адамға бұл жерде Мемлекет басшысы мемлекеттік тілді дамытуды мегзеп тұр.
«Қазақ тілінің бәсекеге қабілеті және оны үйренуге деген қызығушылық барынша артып келеді. Ең бастысы, қазақ тілін білу сәнге айналды, жастарымыз оны меңгеруге ұмтылатын болды. Мемлекеттік тіл азаматтардың қызмет бабында өсуіне және табысқа жетуіне жол ашатын маңызды фактор саналады. Еліміздің бизнес өкілдері маркетинг саласындағы науқандарын қазақ тілінде сөйлейтін тұтынушылардың сұранысына қарай өткізетін болды.
Мұның бәрі мемлекеттің өте абай болуды қажет ететін әрі саяси тұрғыдан маңызды саналатын осы саладағы саясаты тиімді жүргізіліп жатқанын көрсетеді», — деді мемлекет басшысы. Осылайша алдағы жылдары мемлекеттік тілді дамыту үшін нақты шаралар атқарылатыны бізді қуантты.
Сонымен қатар Президентіміз «қаңтар оқиғасына» түрткі болған бірнеше себептерді тілге тиек етті. Әділетсіздік, саяси тоқырау, экономикалық факторлар, заң бұзушылық осы бүліктің себебіне жататыны белгілі.
Экс-президент туралы да өз пікірін білдіріп өтті, тұңғыш Президенттің жақсылығы мен қателіктерін саралап, өткенге әділетті баға беру қажет екендігін дұрыс пайымдады. Әңгіме барысында Қасым-Жомарт Тоқаев қатты сынға да ұрынбады, оң жағын да, теріс жағын да атап өтіпті. Экс-Президент биліктен кеткен соң шенеуніктерге тапсырма беріліп отырғанын, адамдар арасында «қос билік бар» деген теріс пікір содан қалыптасқанын халыққа ашық айтып түсіндірді. Бұл мен үшін шынайы шықты. Қатты ұнаған тұсы – жеке басқа табынуға қарсылығы, яғни Мемлекет басшысынан культ жасауды жақтырмайтынын білдіргені. «Президент – «Құдайдың жердегі көлеңкесі» емес, басқару үшін белгілі бір мерзімге сайланған менеджер ғана», — деп қадап айтты Мемлекет басшысы. Халық алдында Президент тек менеджер деді. Осы сөздері көкейге қонды. Қазіргі білімді, ой-санасы жоғары, шетел көрген жастардың көзқарасына бұл жері дөп түсті деп санаймын.
Мейіржан Келемеденов, қоғам белсендісі, «Jas live» медиа орталығының жетекшісі:
Ашық әңгімеге айналған сұхбат
Ел Президентінің «Ana tili» газетіне берген сұхбатында өзекті сауалдарға халық өз жауаптарын ала алды. Өз басым жастарға қатысты айтқан сөздерін оқып, мұқият таныстым. Біздің Президентіміз қашанда жас ұрпақтың жайын ойлап жүретіні бәрімізге мәлім. Елімізде жастарға орта және кәсіби немесе жоғары білім алуға, табысты еңбек етуге барлық жағдай жасалған. Тек талпына білсең болғаны. Сонымен қатар студенттердің тек заман талабына сай білім алып қана қоймай өз елін, жерін сүйетін патриот болуы да аса маңызды.
Тоқаев мырза жастарға сенім білдіріп, біздің болашағымыз үшін аянбай еңбек ету керектігін жеткізді. Бүгінгі қыз-жігіттерімізге оқудан өзге, әлем көшінен қалмау керек, заманауи технологияларды меңгеріп, әрдайым ізденісте болу қажеттігін жақсы түсіндірді деп ойлаймын. Президентіміз жастардың білімді, сауатты, қарым-қабілеті жоғары азаматтар болып қалыптасуы әлемдік аренада және еліміз үшін аса маңызды екеніне үнемі баса назар аударады. Расында да бүгінгі жастар ел ертеңін жасайтын тұлғалар.
Жарияланымда жастардың мемлекеттік тілді құрметтеп және оны дамыту қажеттігі айдан анық айтылды. Сол себепті Президенттің саясатын, ұлттық идеологияны қолдау бағытындағы жобаларын қолдаймын. Өзім қоғамдағы жастар атсалысатын жобалардың басы-қасында жүргендіктен мемлекетіміздің дамығанын қалаймыз, сол даму жолында үлес қоссақ екен деймін. Мемлекет басшысы жүктеген жауапкершілікті жастар қауымы жан-жүрегімен сезінеді деп ойлаймын.
Ерлан Жақупов, ҚСЗИ Жаһандық экономика және тұрақты даму бөлімінің басшысы
Кәсіпкерлік – мемлекеттік саясаттың басты бағыты
Ұлттық экономикамыздың тұрақты өсуінің негізгі қозғаушы күші ол – кәсіпкерлік. Мәліметтер келтірсек, республика бойынша шағын және орта кәсіпкерлік (ШОК) елдегі жұмыспен қамтылған халықтың жартысына жуығына — 4,3 миллион адамға жұмыс беріп отыр. Кейінгі он жылдықта шағын және орта кәсіпкерлік саласында еңбек ететіндер қатары 1,5 есеге өскен. Экономикадағы ШОК-тың жалпы қосылған құндағы (ЖҚҚ) үлесі тұрақты түрде өсуде. 2023 жылы бұл көрсеткіш 36,7%-ға жетіп, бенчмарк-елдердегі орташа 50% деңгейіне таяды.
Қазір мемлекет кәсіпкерлік сектордың дамуы үшін жаңа реттеу, жүйелеу саясатын іске асырып жатыр. Мұның бәрі кәсіпкерлік белсенділікті ынталандыру болып табыладу. «Жаңа беттен» реформасы бойынша кейінгі 2-3 жылда кәсіпкерлердің жұмысына кедергі келтірген 10 мыңнан астам артық талап алынып тасталды. Бұл жақсы нәтиже.
Шағын және орта бизнесті дамыту үшін 2019 жылдан бастап субсидиялау және екінші деңгейлі банктердің несиелеріне ішінара кепілдік беру бағдарламаларына қатысқан жобалар саны 5 есеге артқаны белгілі.
Былтырғы жылы «Даму» қоры арқылы сомасы 94,2 млрд теңгені құрайтын 401 жоба қаржылық қолдауға ие болды, оның ішінде 80,1 млрд теңге көлемінде кепілдіктер берілді. Атқарылған осы жұмыстар бизнестік белсенділікті арттырып, кәсіпкерлікті дамытып, экономиканың әртараптандырылуына әсер етуде.
«Даму» қоры арқылы 2024 жылы жалпы несие сомасы 94,2 млрд теңгеге болатын 401 жобаға қолдау көрсетіліп, 80,1 млрд теңгеге кепілдік берілді.
Халықаралық даму институттары Қазақстандағы кәсіпкерлік саласындағы оң серпін барын растап отыр. Global Entrepreneurship Monitoring рейтингінде Қазақстан бизнесті жүргізу шарттары бойынша 47 елдің арасында 21-орынға табан тіреді. Бұл шарттар 12 негізгі факторды қамтитын NESI композиттік индексі арқылы сараланып, арнайы баға беріледі. Рейтингтегі ақпараттарға сәйкес, елімізде «бастапқы кәсіпкерлік белсенділіктің» едәуір өсімі және тұрғындар арасында кәсіпкерлікке деген қызығушылықтың анағұрлым артқанын аңғару қиын емес.
Мемлекет басшысы жыл сайын отандық бизнес-қауымдастық өкілдерімен кездесулер өткізіп, сала басшыларымен елдегі бизнес-климаттың өзекті мәселелерін талқылайтынын ерекше атап өткен жөн. Тұтастай алғанда, жоспарланған көрсеткіштерге және ұлттық экономиканың тұрақты өсуіне қол жеткізу үшін кәсіпкерлікті дамытудың кешенді тәсілі, оның ішінде ШОК қолдаудың өңірлік бағдарламаларын әзірлеу қажет. Аталмыш бағдарламалар аясында Қазақстанның даму институттары әр аймақтың ерекшеліктері мен оның бәсекелестік артықшылықтарын ескере отырып, қолдау шараларын бейімдеу маңызды болып тұр.
Арман Жүдебаев, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры
Ел бағдарын айқындаған келелі сұхбат
«Ana tili» газетіндегі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Мақсатым — экономиканы және егемендікті нығайту» атты көлемді сұхбатымен таныстық. Қауесет әңгімелерге тоқтау қойып, мемлекеттік мүддені тағы бір мәрте айшықтаған салмақты сұхбат деп санаймын.
Тұрақты экономикалық өсім мен халықтың әл-ауқатын жақсарту мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып қала бермек. Бұл жарияланым сонымен де құнды. Тұрақтылық пен дамуды ұстанатын жетекші елдерге тән позиция осындай болады. Еліміздің әр өңірінде жаайдан бой көтеріп жатқан білім ордалары, мектептер мен балабақшалар, өндіріс орындары, өңдеу өнеркәсібі саласындағы мекемелер — ұлттық экономиканы күшейту мен әлеуметтік саясаттағы жетістіктеріміз. Сонымен қатар жастар мәселесіне ерекше басымдық берілді.
«Еліміздің тағдыры — жастардың қолында. Бұл — әншейін әдемі сөз емес, мемлекет стратегиясының түпкі мәні», — деген басшымыздың сөзі жас ұрпақтың бойына қанат бітіріп, сенімін нықтай түсері анық. Осы ретте біртұтас ел болып, Президент бастамаларының орындалуына атсалысуымыз керек деген ұстанымдамын.