Біраз уақыт бұрын Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи ескі Қазақстан, соның ішінде Дариға Назарбаева туралы мәлімдеме жасап, депутаттық сауал жолдаған еді. ҰҚК осы сауалға жауап берді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Депутат Бапи Республикалық фермерлер форумындағы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзін келтірді: «Бүгінде әлеуметтік желілерде әдемі өмір сүру мен оңай олжа табу туралы жарнамалар көбейіп кетті. Бұл халықтың санасына барлық жетістікке қиналмай қол жеткізуге болады деген бос қиялды сіңіреді. Жастардың белгілі бір бөлігі соған сеніп, алтын уақыттарын босқа сарп етіп жатыр».
Депутат Президенттің дәл осы пікірі қоғамда да көрініс тауып жатқанын айтып, Нұрсұлтан Назарбаевтың тұңғышы Дариға туралы да сөз қозғады.
«Жуықта әлеуметтік желілер арқылы Парламент Сенатының бұрынғы басшысы Дариға Назарбаеваны жер-көкке сыйғызбай мақтаған видео тарағаны мәлім. Әлбетте тақырыпқа желеу болған персонаждың басқалардан адами «артықшылығы» болса, оған ешқандай дау жоқ. Бірақ бұл адам — Дариға ханым кеше ғана елдегі екінші басшысы ретінде жоғарғы саяси лауазым иесі болғанын ұмытпау керек. Сондықтан бұны бұрынғы саяси режимнің «артықшылығын» дәріптеуге арналған, қоғамдық санаға сіңірілмек саяси манипуляция деп қабылдау керек», — деді Ермұрат Бапи.
Депутаттың пікірінше, «қазақ қоғамына іріткі салуға астыртын бағытталған осындай «ескіні аңсау» үрдісі бүгінде саяси сипат ала бастаған».
Tengrinews.kz мәліметінше, Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Мәдениет және ақпарат министрлігі Ермұрат Бапидің депутаттық сауалына жауап берген.
ҰҚК сауалға жауап бере отырып, ақпараттық кеңістікте деструктивті ақпарат жариялаумен айналысатын тұлғаларды анықтау және олардың қызметін тоқтату бағытында белсенді әрі жүйелі жұмыс жүргізіп жатқанын хабарлады. 2024 жылдың басынан бері интернет-ресурстарда жаппай тәртіпсіздікке шақыруларды қоса алғанда, деструктив ақпарат таратумен айналысқан 330 пайдаланушы анықталған. Қылмыстық жауапкершілікке 29 адам, әкімшілік жауапкершілікке 30 адам тартылған, қалғандарына қатысты алдын алу шаралары ұйымдастырылған.
«Алайда интернетте саяси арандатушы ақпарат таратушылардың көбі анонимді ақпарат жариялаушылар және олар жиі шетелдік платформаларда тіркеледі. Бұл оларды іздеу және анықтауда белгілі бір қиындықтар туғызатынын ескеру қажет», – делінген ҰҚК жауабында.
Депутаттың өтінішінде көрсетілген деректер алдағы жұмыстарда ескерілетіні айтылған.
Мәдениет және ақпарат министрлігі сауалға жауап бере отырып, былтыр 67 471 заңсыз контент анықталғанын хабарлады. «Онлайн платформалар мен онлайн жарнама туралы» заңды сақтау мақсатында министрлік онлайн платформалар иелерімен кездесулер өткізген. Кездесу барысында шетелдік платформаларға қойылатын заң талаптары түсіндірілген. Қазіргі таңда «ВКонтакте» (vk.com, mail.ru және «Одноклассники»), Bytedance (TikTok иесі), Meta (Facebook, Instagram және WhatsApp иесі) және Telegram компаниялары Қазақстанда өздеріне кімнің өкілдік ететінін хабарлаған.
«Осы платформалар өкілдерімен бірнеше кездесу барысында заңсыз контентті жедел әрі толық жою қажеттігі туралы айтылды. Осы жұмыстың аясында заңсыз контентті анықтау және жою тұрақты негізде жүргізіліп жатыр», – деп хабарлаған министрлік.