Жасөспірім Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот процесі шешуші кезеңге жетті деп жазады Ertenmedia.
Тараптардың сөзталасында кімнің кінәлі екені әлі талас тудырып жатыр.
Прокурорлар қылмысқа негізгі кінәлі ретінде Абзал Шынасылды атап, оны 23 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Басқа айыпталушыларға 20 жылдан 1 жыл 6 айға дейін түрме жазасы талап етілді.
Мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай сотты ток-шоуға айналдырмай, «әркім тек өзі жасаған ісіне жауап берсін» деп, қылмыстың «топтық сипатта жасалғанын» растамады.
Қайтыс болған Шерзаттың адвокаттары қылмысқа қатысы бар әрбір адамның ең қатал жазамен жазалануын талап етіп отыр. Ал марқұмның анасы соттан басты айыпталушыны өмір бойы бас бостандығынан айыруды сұрады.
Қызығы, марқұмның отбасы кәмелетке толмаған күдікті Думан Ысқақты кешіруді өтінді. Айта кетсек, прокурорлар оған 1 жыл 6 ай түрме жазасын сұраған.
Соттағы шиеленіс күшейе түскен тұста, айыпталушы Шынасылдың адвокаты Жұмат Әбенов күтпеген мәлімдеме жасады. Оның пікірінше, жанжалдың басты себебі марқұм Шерзаттың тәрбиесіздігі.
«Оқиғаға себепкер арақ-шарап, бірақ негізгі мәселе Шерзаттың тәрбиесіздігінде. Ол алдымен айыпталушы Әскентайды ұрған. Әскентайдың мұрнынан қан кетті. Осылайша, жанжал ушыққан. Шерзаттың әкесі де сол жерде болып, жағдайды дер кезінде тоқтатпаған. Тәрбиенің негізі ересектердің қолында. Біз дәл сол жерде болған жоқпыз, оқиғаның бүге-шүгесін білмейміз. Мұндай күрделі жағдайда ақиқатқа жету қиын», – дейді адвокат.
Әбеновтің айтуынша, егер Шерзат өз достарын шақырмаса, жаппай төбелес те болмас еді.
«Айыпталушылар дүкен алдында топ жігітті көрген соң ғана төбелеске араласқан», – деді ол.
Сондай-ақ қорғаушының айтуынша, марқұмға пышақ жарақатын дәл кімнің салғаны әлі күнге анық емес. Оның пікірінше, пышақпен жарақаттау айыпталушылардың немесе жәбірленуші тараптың да әрекеті болуы мүмкін.
«Барлық айып Шынасыл кінәсін мойындады дегенге ғана негізделіп отыр. Бірақ Шерзатқа пышақ жарақатын дәл Шынасыл салды деген нақты дәлел жоқ», – деді адвокат.
Әбенов қорғауындағы азаматты «Кісі өлтіру» бабымен емес, «Бұзақылық» бабымен соттауды сұрап отыр.
«Оқиға кезінде бәрі сол жерде болды. Барлығы «бұзақылық» бабы бойынша жауапқа тартылсын. Тіпті Шерзаттың әкесі де түнгі 12-ден кейін пышақ алып көшеге шығып, қоғамдық тәртіпті бұзған. Түнгі тыныштықты бұзып, жанжалға өзі де араласқан», – деп сөзін аяқтады қорғаушы.
Ел назарын аударған сот процесі әлі жалғасуда. Сот соңғы шешім шығаратын күн тақап келеді.