Ақтаудағы ұшақ апатынан қаза тапқан екі маңғыстаулық дос әрі әріптес болған, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Tengrinews.kz мәліметінше, «МұнайФилдСервис» ЖШС бас директоры Нұрлан Белшер өзінің әріптесі, Ақтау маңында апатқа ұшыраған Embraer ERJ-190 ұшағында болған механикалық-энергетикалық бөлімнің инженері Сәндібек Төлесінов туралы естелігін бөліскен.
Ақтаудағы ұшақ апатынан қаза тапқандардың бірі — Сәндібек Төлесінов. Ол 1988 жылы дүниеге келген, Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының тумасы.
Сәндібек Төлесінов «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның мердігер ұйымы «МұнайФилдСервис» ЖШС механикалық-энергетикалық бөлімінің инженері болып жұмыс істеген. Компания мәліметінше, марқұм бұл салада 16 жыл еңбек еткен.
Ұшақ апатынан қаза тапқандардың арасында Маңғыстау облысының тағы бір тумасы бар. Ол — Бауыржан Жұмағұлов, 1985 жылы дүниеге келген. Ол да Жаңаөзен қаласынан.
Бауыржан Жұмағұлов «ҚазМұнайГаздың» еншілес компаниясы «Өзенмұнайсервис» ЖШС-ның жұмысшысы, 4-ші дәрежелі бұрғышының көмекшісі болған. Компания мәліметінше, марқұм мұнда 2008 жылдан бері еңбек еткен, өзін адал және білікті маман ретінде көрсеткен.
«МұнайФилдСервис» ЖШС бас директорының айтуынша, Сәндібек Төлесінов осы компанияда жұмыс істеген әріптесі әрі досы Бауыржан Жұмағұловпен бірге демалысқа ұшқан.
Марқұмның денесі әлі Жаңаөзенге жеткізілген жоқ, өйткені сараптама жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, 25 желтоқсанда жергілікті уақыт бойынша 11.30-да Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл — Azerbaijan Airlines әуекомпаниясына тиесілі Эмбраер 190 ұшағы. Алдын ала ақпарат бойынша ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған. Жолаушылар рейсі қатты тұманға байланысты Грозныйға қона алмаған, алдымен Махачкалаға, содан кейін Ақтауға бағытталған.
Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігінің кейінгі мәліметі бойынша аман қалған 29 адам бар, оның ішінде 2-еуі — бала, олар ауруханаға жеткізілді.
Апаттан 6 қазақстандық көз жұмды.