Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек жер қойнауын пайдалану туралы кодекске енгізілетін түзетулерде лоббистік нормалар бар екенін мәлімдеді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Кеше Мәжілісте «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске түзетулер таныстырылды.
«Жер қойнауы туралы кодекс талқыланғанда, бір адамға 200 блокқа дейін ресімделетін лоббистік норма қабылданды. Бір блок шамамен 2 шақырым аумақты қамтиды. Сонда жер қойнауын пайдаланушы бір адам 200 блокқа дейін иелене алады деген сөз. Бұл — пайдалы қазбаларды барлау, өндіру. Кім бірінші жетсе, бар байлық сол адамдікі. Ол осы блоктарды пайдалана ма, жоқ па, бірақ барлық аумақ соның иелігінде болады. Заң жобасы бұған кедергі келтіреді деп ойлап едім, бірақ сіздер «200 блокқа» дейін деп қайта қалдырдыңыздар. Неліктен бұл шекті норманы алып тастауға болмайды, сіздерді не ұстайды? Ең болмағанда 50 блокқа дейін қысқартуға не кедергі?» – деді депутат түзетулерді талқылау кезінде.
Депутаттың айтуынша, мұндай әдіспен жер қойнауын пайдаланушы монополиске айналады.
«Тағы бір норма бар: «олар бірыңғай порталдан, мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынатын болса, жер қойнауын пайдаланушылар мен басқа да тұлғалардан құжаттар мен есептер ұсынуы талап етілмейді». Заңгер ретінде айтайын: мен, менің әріптестерім ақпараттық порталға бірнеше рет өтініш бердік, әрқашан «бұл — коммерциялық ақпарат» деген бір жауап келеді «, – деді депутат.
Айта кетейік, бұл құжатта Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру бойынша «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген. Түзетулер аясында жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай порталы пайда болады.
Бұл платформа арқылы жер қойнауын пайдалануға лицензияларды алғашқы өтінім қағидаты бойынша беру көзделеді. Сонымен қатар, жер қойнауын пайдаланудың мемлекеттік қорын басқарудың қазіргі екі кезеңдік бағдарламасын алып тастап, аукциондық жүйе енгізу ұсынылып отыр. Осы арқылы процестердің ашықтығы мен тиімділігін арттыру көзделген.
Еске салайық, бұған дейін Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек құрылыс саласына қатысты Құрылыс кодексі заң жобасының таныстырылымында да жауапты органдарды ашық сынады.
«Құрылыс кодексі жаңа деп бос үмітке сенбеңіздер! Бұл жерде жаңа ештеңе де жоқ. …Мына кодексті 10-сыныптың оқушысы жаза алады. 1-курстың студентін айтпағанда. Бұл — реферат, курстық жұмыс. Оны бізге Құрылыс кодексі ретінде әкеліп отыр. Бұл — бар болғаны 200 беттік ақ қағаз. …Стилистикалық, грамматикалық, орфографиялық қателерді айтпай-ақ қояйын. 3-курстың студенті мұндай қате жібермейді», — деді ол.