Депутат Нұртай Сабильянов теміржол саласын сынап, Қазақстан бұл нарықта бәсекеге қабілетті бола алмай отырғанын мәлімдеді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Сабильянов жылдамдықтың төмендігі, тозу дәрежесінің жоғары болуы және ұйымдастыру проблемалары бұған әсер етіп отырғанын айтты. Мәселен, 2014 — 2023 жылдар аралығында 928 жаңа жолаушы вагоны келсе, тозу себебіне байланысты 969 вагон қолданыстан шыққан (оның ішінде 2020 — 2023 жылдар аралығында 319 түскен болса, 412 бірлік қолданыстан шығарылған).
«Теміржол желілері 54 %-ға, локомотивтер 61 %-ға, вагондар 56 %-ға жоғары дәрежеде тозғаны байқалады. Теміржол желілерінің ұзындығы 16 мың км астам болса, олардың жартысынан көбі жөндеуді қажет етеді», — деді ол.
Сондай-ақ, депутат жолаушы вагондарының паркі 2 667 вагоннан тұратынын, 1012 бірлік немесе 38 пайызы 28 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылып келе жатқан ескі вагондар екенін айтты.
Депутаттың мәліметінен Қазақстан Швейцариямен вагон сатып алу мәселесі бойынша келісімге келіп жатқаны да белгілі болды.
«2012-2022 жылдар аралығында 350 млн. теңгеден 650 млн теңгеге дейінгі бағамен «Тальго» шығарған 676 жолаушы вагоны сатып алынған. Қазір бұл зауыт жабылып қалды. Содан кейін «ЗИКСТО» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен 2023-2024 жылдары 750 млн. теңгеден 850 млн теңгеге дейінгі бағамен 150 жолаушы вагоны сатып алынды. Қазір «Штадлер Қазақстан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі швейцариялық компаниясымен 557 вагон сатып алу бойынша келіссөз жүргізіліп жатыр, плацкарт вагонның бағасы – 1,18 млрд теңге. Сондықтан ұлттық тасымалдаушы жолаушыларды жаңа жайлы вагондармен қамтамасыз етуге тиіс», — деді Сабильянов.