Танымал режиссер Ермек Тұрсынов соңғы уақытта билік тарапынан жасалатын қысымның күшейіп жатқанын айтты деп жазады Ertenmedia.kz.
Оның пікірінше, Қазақстанда билікпен тіл табыса алмайтын, өз ойын ашық айтатын адамдарға үнемі жүйелі, жоспарлы түрде қысым жүреді. Бір қарағанда, кездейсоқ болып көрінгенімен, оның артында нақты механизм, нақты топтар тұр.
«Әуелі әлемжеліде, мысалы, Тик-Ток, Инстаграм, Фейсбук арқылы адамға күдік келтіретін ақпарат әдейі таратылады. Соның салдарынан шу шығып, артынша ресми сайттар мен БАҚ осы талқылауға сүйеніп, министрліктерге, құзырлы органдарға хат жолдайды. Осылайша, адамның соңына түсетіндер әуелі қоғамдық шу тудырып алып, кейін тексерістер ұйымдастырады», – деді Тұрсынов Exclusive арнасына берген сұхбатында.
Айтуынша, өзі де соңғы бес-алты жылда бірнеше рет тексерістен өткен.
«Антикор да тексерді, Есеп комитеті де тексерді. Тіпті аудандық полиция бөлімі де тексерді. Ештеңе таппады. Егер шын мәнінде ұрлық жасасам, мені баяғыда жауып тынар еді. Қарап отырсам, осындай негізсіз тексерістердің өзіне мемлекет қыруар қаржы жұмсайды», – дейді режиссер.
Тұрсынов мемлекет бөлген қаржыны көзбен көріп, қолмен ұстамағанын айтады. Ақшаның барлығы бірден «Қазақфильмге» түседі. Тиісінше, кіріс пен шығысты да студия басқарады. Кино прокатқа шыққан соң, табысын да «Қазақфильм» не болмаса дистрибьютор өзі алады.
«Қаржылық мәселе продюсер мен киностудия құзырында. Мен тек шығармашылыққа жауаптымын. Оның үстіне, мемлекет белгілеген әртүрлі салық пен ортақ шығындар бар. Соның бәрін шегергенде, менің (режиссёрдің) тікелей шығармашылық жұмысыма тек 30-40%-ы ғана тиесілі болып шығады. Оның өзі ақшалай емес, қызмет немесе жабдық түрінде беріледі», – деп атап өтті Ермек Тұрсынов.
Режиссердің бес жыл бұрын түсірген «Бесмойнақ» деген фильмі прокатқа шықпай қалған. Министрлік тарапынан «фильмде мемлекетке қарсы эпизодтар бар, президентке тиіскен тұсы бар» деген пікір айтылған екен.
«Иә, «Бесмойнақты» мем.тапсырыспен түсіргеніміз рас. Бірақ прокатқа бірер апта қалғанда, арнайы бұйрықпен көрсетілімге тыйым салынды. Мәдениет министрлігі ол фильмде президентті мазақтау бар деген желеуді алға тартты. Мен келісім бермедім, яғни монтажымды өзгертпедім. Содан кейін кино мүлдем көрсетілмеді. Картинаны халыққа көрсете алмасам, қайдағы табыс? Өзімнің режиссёрлік жұмысымды аяқтағаным үшін ғана аздаған еңбекақы алдым. «Мемлекеттің қаржысын ұрлады, кино жоқ» деген айып, таза жала. Фильм бар, тек жарыққа шыға алмай тұр. Министрдің сол кездегі шешімі әлі күшінде. Екіншіден, мен президент Тоқаевтың жеке басына құрметпен қараймын, оның білімі мен мәдениетіне тәнтімін. Оған тіл тигізу ойымда болған емес», – дейді Тұрсынов.
Пікірінше, қазіргі билік шығармашыл қауымды толық бақылауда ұстағысы келеді. Шығармашыл адамдарды өзіне тәуелді етіп қойған. Мәдениетке өз мүлкіндей қарайды.
Соның салдарынан өнер адамдары еркін жұмыс істей алмайды. Жоғары жақтың шығармашылыққа баға беру өлшемі де бұрыс. Билік фильмді бағалағанда тек қаржылық табысын ғана көреді.
Тұрсыновтың айтуынша, билікке ұнамаған өнер иелеріне «сыпайы түрде» елден кетуге немесе үнсіз қалуға кеңес беріледі екен.
«Менің жағдайымда бірнеше жол бар: елден кету, үнсіз қалу немесе билікке жағу. Елден кеткім келмейді, бір рет кеттім, жетеді. Үнсіз қалуға да болар еді, бірақ мен көпшілік алдында жүрген адаммын. Мені халықтың өзі сөйлетеді, мен солардың үнін жеткіземін», – дейді режиссер.
Тұрсынов әңгіме соңында билік пен шығармашылық иелері арасында түсіністік қалыптасып, еркін шығармашылық орта құру керек деп санайтынын жеткізді.
«Мен шығармашылық еркіндік үшін күресемін, ақырына дейін айтамын. Сөз еркіндігін қорғай алмасақ, онда бұл қоғамға шығармашылықтың да керегі шамалы», – деп түйіндеді сөзін Ермек Тұрсынов.