«Ауырып қалған жағдай бар… Диагноз белгісіз… Улану мен уландыруға қатысты күдік бар дейді… Клеткалық-молекурялық негізде диагностика қажет екен… Көрерміз… Аман болайық, ағайын!» – деп жазды ол.
Orda.kz деректерінде алты ай бұрын Ермұрат Бапиде ауыр аурудың белгілері пайда бола бастағаны айтылады. Диагностикадан кейін дәрігерлер депутат белгісіз нәрседен уланған болуы мүмкін деген болжам айтқан. Сондықтан Бапи 10 шілдеде молекулалық диагностикадан өту үшін шұғыл түрде шетелге ұшып кеткен.
«Депутат шетелде шамамен он күндей болады. Оның үстіне әзірге емделу үшін емес, тек диагностикадан өту үшін болады. Мәжілісмен Еуропаның қай еліне баратыны нақтыланбаған», — деп жазылған деректе.
Бұған дейін Ермұрат Бапи желіде күмпиіп ісіп кеткен қолдарының суреттерін жариялады. Ал басылым мәліметінше, депутаттағы аурудың сыртқы белгілері посткеңестік кеңістікте кең қолданылатын жүйке-паралитикалық улардың бірімен улану белгілеріне ұқсайды екен. Симптомдар бірнеше ай бұрын пайда болған. Жақында мәжілісменнің жағдайы нашарлап, оған медициналық көмек қажет болды. Диагноз қою үшін дәрігерлердің үлкен консилиумы да жиналған.
«Симптомдар оның денесінде қатты қышыну, ісік пайда болуынан көрінеді. Содан кейін олар жоғалып, басқа жерлерден қайта пайда болады және олардың мөлшері үлкеюі мүмкін. Дәрігерлер тіпті биопсия жасаған, бірақ ештеңе анықтай алмаған. Сондықтан шетелдік клиникалармен шұғыл байланысуға шешім қабылдаған. Қазақстанда диагностика, әсіресе, молекулалық деңгейдегі диагностика әлі дамымаған», — делінеді Orda.kz дереккөзінде.
Сондай-ақ, басылым мәліметінше, симптомдар бұрынғы КСРО елдерінің арнайы қызметтері қолданатын жүйке-паралитикалық заттардың бірін көрсетуі мүмкін. Бұл улардың ішіндегі ең танымалы – «Новичок». Оны қара нарықтан сатып алуға болады, бірақ сатушыны табу үшін күш құрылымдарының бұрынғы немесе қазіргі қызметкерлерімен байланыс болуы қажет. Өйткені бұл уды сатып алушылар көп емес.
Orda.kz мәліметінше, депутаттағы симптомдар сұйық ифрит немесе люизиттен болуы мүмкін екенін де көрсетуі ғажап емес. Бірақ нақты диагнозды тек мамандар қоя алады.