Танымал журналист, спорт менеджері Нұрсұлтан Құрман өзін «хайп жасады» деп айыптаған футболшы Нұралы Әліпке жауап берді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Біраз уақыт бұрын Қазақстан құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов пен журналист Нұрсұлтан Құрманның арасындағы баспасөз мәслихатындағы даулы жайт қоғамда қызу талқыға түсті. Қазақ тілінде сұрақ қойған журналиске Черчесов ескерту жасаған еді.
«Мен де осетин тілінде сөйлесем қалай болады? Алайда онда ешкім түсінбейді. Бұған дейін де қазақша сұрақ қойдыңыз. Ол кезде федерация президенті аударып берді, бірақ ол кісіні қайта-қайта әурелемеймін ғой. Өтініш жасау алғашында тегін болады, ал кейін ондай жүрмейді», – дейді ол.
Қазақстан құрамасының әрі Санкт-Петербургтік «Зенит» клубының қорғаушысы Нұралы Әліп осы жағдайға қатысты пікір білдіріп, Черчесовке ара түсті.
«Мен де оны түсінемін. Тілші де орысша біле тұра қазақ тілінде сұрақ қойды. …Хайп жасағысы келді», — деп айыптады Әліп.
Журналист Нұрсұлтан Құрман Нұралы Әліпке жауап беріп, «есіңді жи, әліңді біл» деп үн қатты.
«Нұралы, сен өзің маңғаз, қазақылықтың иісі аңқып тұрған, ұлттың, тілдің үстемдігін шырақ етіп ұстап отырған Маңғыстаудың тумасысың. Маңғыстауда әрбір қарагөз қазақ тілінде, ана тілінде сөйлейді. Ана тілі үшін жанын беруге дайын. Өзге ұлт өкілдері де қазақ тілінде сөйлейтіні рас қой. Ақтауға қанша рет барғанда куә болып жүрміз. Маған хайп керек емес, хайп үшін жүрген адам емеспін. Қазақ футболы деп жүрміз және ең бастысы дүниеге қазақ болып келгеннен кейін ұлт мүддесі, тіл тағдыры бірінші кезекте тұруы керек. Біздің қызметімізден, мансабымыздан жоғары тұратын — тіл. Расул Ғамзатовтың өзі «тілім өлсе, бүгін өліп кетуге дайынмын» деген екен.
Нұралы, есіңді жи, әліңді біл, бұл хайп үшін жасалған жоқ. Қазақстанда Қазақстан футбол федерациясы ішінде баспасөз мәслихаты қазақша жүруі керек, керек пе, аударып берсін. Мен Черчесовтен «қазақша жауап бер» деп талап еткен жоқпын. Сұрағымды қазақша қойдым. Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан асып бара жатыр. «Елу жылда ел жаңа» дейді. Біз жаңарған елміз, жаңа толқын пайда болды. Менің де, сенің де — жаңа толқынның ұлт алдындағы миссиясы — келесі ұрпаққа тілімізді саф ретінде, мәдениетімізді аманат етіп жеткізу. Дәл осы жолдан айнымауымыз керек. Сенің Ресейде, Петерборда отырып алып, «хайп үшін жасалды, әрбір журналист орысша түсінеді» деп мәлімдеме жасауың — өте қате. Оны біздің ақпарат саласының қызметкерлері де, қалың көрермен — қазақ жанкүйері де дұрыс түсінбей отыр. Сондықтан сенен түсіндірме күтеміз.
Баспасөз мәслихатында бапкер қай жерге бапкер болып келсе, сол елдің тілінде сұрақ қойылады. Армения болса, армянша, Грузия болса, гүржіше, Әзербайжан болса, әзербайжанша қойылады. Біз де Тәуелсіз елміз, қалың қазақ отырмыз. Не үшін жүрміз?! Сендерді тірі аңыз қылып жібереміз, мақтаймыз. Бір клубқа ауыссаңдар, қолдаймыз, еркелетіп жібереміз. Сол еркелікті кейбіреулер көтере алмайтын сияқты. Нұралы, байланысқа шық немесе осы мәселеге байланысты түсіндірме бер. Кім кімнен, бірақ сенен дәл осындай дүние күтпедік», — деп ашына үндеу жасады журналист.
Айта кетейік, Нұралы Әліп 1999 жылы Ақтауда дүниеге келген. «Қайрат» командасына тиесілі футболшы «Зенит» сапына 2022 жылдың соңында ауысты.