Судья сотқа қатысып отырған Гүлмира Сатыбалдының туыстарына ескерту жасады, — деп хабарлайды Dalanews.kz Tengrinews.kz-ке сілтеп.
Алматының қылмыстық соты Гүлмира Сатыбалдыға қатысты бизнес серіктесін бопсалады және қамап ұстады деген айыппен істі әлі де қарап жатыр. Сот барысында зардап шеккен кәсіпкердің адвокаты жәбірленуші Сатыбалдымен бірге иелік ететін серіктестіктің кадрлар бөлімінің басшысына сұрақтар қойды. Адвокат сотталушының компаниядағы көмекшілері туралы сұрақты бірнеше рет қайталады.
«Мен наразымын, ол адамдарды шақырып, сұрақ қою керек», — деді Сатыбалды күтпеген жерден жәбірленушінің адвокатына.
Айыпталушының қорғаушылары адвокат бір сұрақты қайталай беретінін жеткізді. Осы кезде залда отырғандардың дауысы естілді.
«Құрметті сот, ескерту беріңізші! Біреуі ұйықтап, құлап отыр (бұған дейін бір ер адам орындықтан құлаған — еск.), тәртіп бұзады, екіншісі ашуланып, өз пікірін айтып отыр. Оларды сот залынан шығаруды сұраймын, олар кедергі жасайды немесе ескерту жасаңыз. Олар қатты сөйлеп отыр», — деп жәбірленушінің адвокаты судьяға.
Судья адвокаттың ескертуіне келісті.
«Бұл — ашық процесс, бірақ бұл тәртіпті бұзуға болады дегенді білдірмейді. Қазір осы жерде отырған азаматтарға, жанкүйерлерге (сотталушыны қолдайтын адамдарға — еск.) айтып тұрмын. Тағы да айтамын: тәртіпті бұзбау өздеріңіз үшін керек. Егер қорғаушы тараптан шағым түссе, шара қолданамын, барлық туысын сот залынан шығарамын, бұл бос сөз емес, мен заңды оқып отырмын», — деді судья Мәртпек Кәкімжанов.
Бұған дейін Алматының қылмыстық істер жөніндегі сотында Гүлмира Сатыбалдының ісі бойынша алдын ала тыңдау өтті. Соттың алдын ала тыңдауы кезінде Гүлмира Сатыбалды алқабилер сотынан бас тартты.
Сотталушы орындығында Гүлмира Сатыбалдымен қоса, оның жүргізушісі Мәди Батыршаев та болды. Сот отырысы онлайн режимде өтті, ал айыпталушылар Астананың тергеу изоляторында болды. Артынша олар Алматыға жеткізілетіні белгілі болды.
Гүлмира Сатыбалдыға Қылмыстық кодекстің 126-бабы «Заңсыз бас бостандығынан айыру» бойынша айыппен қоса, аса ауыр қылмыс жасады деген айып тағылды: Қылмыстық кодекстің 194-бабының 3-бөлігі «Ірi мөлшерде мүлiк алу мақсатында жасалған қорқытып алушылық». Бұл бап аса ауыр болып есептеледі және ол бойынша айыпталушы алқабилердің қатысуымен сот өткізуді сұрауына құқылы.
Бұған дейін Гүлмира Сатыбалды мен оның қарамағындағыларға тағы бір іс бойынша үкім шыққан еді. Ол адам ұрлағаны мен озбырлық жасағаны үшін кінәлі деп танылды.