iKOMEK109 бүгінде – бұл елорданың әрбір тұрғынына арналған цифрлық қолдау мен дауыстың көрінісі. iKOMEK109 қалалық ортаның келбетін қалай өзгертіп жатқанын, сын-қатерлерге тиімді жауап беріп, елорда тұрғындары мен қонақтарының мәселелерін қалай шешуге ұмтылатынын орталық басшысы Асқар Тақсымовпен болған сұхбаттан білдік.
– Асқар Боранбайұлы, iKOMEK109 15 миллиондық өтініш шегінен асты. Бұл өте үлкен көрсеткіш. Бұл санның артында не тұр?
– Бұл жай ғана сан емес – бұл сенім мен тиімділіктің көрсеткіші. 2018 жылдан бастап, iKOMEK109 жүйесі іске қосылғалы бері Астана тұрғындарынан 15 миллионнан астам өтініш қабылдадық. Тек 2024 жылдың өзінде – 2,3 миллионнан аса өтініш түсті. 2025 жылдың алғашқы айларында – 780 мыңнан астам. Бұл – тек бастамасы ғана. Әрбір өтініштің артында нақты бір мәселе, сұраныс, апат, шағым немесе ұсыныс жатыр. Біз оларды дер кезінде және сапалы қарастыруға міндеттіміз.
– Мұндай тұрақты деңгейдегі жұмысты қалай қамтамасыз етіп отырсыздар?
– Бізде көпдеңгейлі цифрлық экожүйе қалыптасқан, ол өтініштердің үлкен ауқымын жедел өңдеуге мүмкіндік береді. Орта есеппен алғанда, күн сайын iKOMEK109-ға 5–8 мыңға дейін өтініш түседі. 78% – қысқа 109 нөмірі арқылы, ал 22% – балама цифрлық арналар арқылы келіп түседі: Telegram-бот, әкімдік сайты, мобильді қосымша және әлеуметтік желілер. Бүгінде Telegram-ботты 98 мың адам, ал мобильді қосымшаны 93 мыңнан астам қолданушы белсенді пайдаланады.
Мұндай нәтижеге біз омниканалды тәсілді енгізу арқылы қол жеткіздік. Бұл тәсіл бұған дейін тек бизнес саласында қолданылып келген. Біздің орталық осы үлгіні мемлекеттік секторда ауқымды түрде алғаш енгізіп, қызметке қолжетімділікті барынша икемді әрі ыңғайлы етті. Қала тұрғыны өзі үшін қолайлы арнаны таңдай алады – мейлі ол телефон болсын, сайт, мессенджер немесе әлеуметтік желі. Бұл қызметке деген қолжетімділікті арттырып қана қоймай, өтініштерге әрекет ету уақытын едәуір қысқартты.
– Соңғы жылдары орталықтың функционалы мен ауқымы айтарлықтай кеңейді. Яғни, iKOMEK109 жай ғана колл-орталық емес деуге бола ма?
– 2022 жылы біз ауқымды трансформацияны бастадық. Бұл – тұрғындармен және қалалық құрылымдармен өзара әрекеттесу тәсілін түбегейлі өзгертті. Біз дәстүрлі call-орталық моделінен бас тартып, ITSM халықаралық стандарттарына және Smart City-дің үздік тәжірибелеріне сүйене отырып, ситуациялық орталықтың функционалын едәуір кеңейттік.
Аналитикалық және мониторингтік блоктар күшейтілді. Мысалы, 2023 жылы бейнебақылау жүйесі арқылы 19 384 құқық бұзушылық тіркелсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 21 010-ға жетті. 2025 жылдың алғашқы айларында – 9 000-ға жуық. Бұл – мониторингтің тиімділігін және қамту аймағының кеңейгенін көрсетеді.
Қазіргі таңда iKOMEK109 орталығы қаладағы маңызды нүктелерде – жол қиылыстарында, мектептерде, емханаларда, аулалар мен адамдар көп жиналатын жерлерде орнатылған 12 000-нан астам бейнекамераға қосылған. Бұл камералар тек тәртіпті бақылап қана қоймай, потенциалды қауіптерді анықтауға көмектеседі – ашық люктерден бастап, есірткі тарату әрекеттеріне дейін. Мұндай жүйе қоғамдық қауіпсіздікті арттырып, жедел қызметтердің кез келген қауіп-қатерге дереу әрекет етуіне жағдай жасайды.
– Сіз ғылыми және сараптамалық қызметпен де белсенді айналысасыз. Бұл iKOMEK109-дың жұмысына қалай ықпал етеді?
– Менің ойымша, қаланы цифрлық басқару ғылыми негізсіз мүмкін емес. iKOMEK109-да енгізілген барлық негізгі шешімдер – тек басқарушылық бастамалар ғана емес, сонымен бірге жүйелі бақылау, талдау және зерттеулердің нәтижесі.
Мен орталықта жұмыс істей жүріп, қалалық жүйелердің мінез-құлқын үнемі зерттеймін: қызметтердің, аудан әкімдіктерінің реакциясы қалай, өтініш ағындары қалай қалыптасады, қай мезгілде қандай заңдылықтар қайталанады. Бұл бақылаулар менің ғылыми мақалаларымның негізіне айналды. Қазіргі таңда рецензияланған ғылыми басылымдарда 6 мақалам жарияланды, және олардың барлығы Smart City тәжірибесіне негізделген.
Мысалы, «Big Data – Smart City басқару құралы ретінде» атты мақалада азаматтардың өтініштері бойынша жинақталған деректерді болжау анализі мен коммуналдық ресурстарды жоспарлау дәлдігін арттыру үшін қалай пайдалануға болатынын көрсеттік.
«Geonomics және тұрғындар туралы деректерді өзектендіру» атты мақалада кеңістіктік және мінез-құлықтық деректердің интеграциясы зерттелді. Бұл тұрғын үй-коммуналдық саладағы жүйелі заңбұзушылық ошақтарын немесе жаппай шағымдану орындарын дәл анықтауға мүмкіндік берді.
Ал «Ақпараттық технологиялар арқылы қалалық тіршілікті жақсарту» атты мақалада біз iKOMEK109 негізінде жүзеге асқан нақты кейстерді жинақтадық – өтініштерді бағыттау процесін автоматтандырудан бастап, қызметкерлер мен тұрғындарға арналған мобильді шешімдерге дейін.
Осы зерттеулердің барлығы біздің ішкі шешімдерімізге негіз болды. Мен үшін ғылыми жұмыс – академиялық мақсат емес, қаланың механизмін терең түсіну және нақты жұмыс істейтін цифрлық шешімдер құру жолы. iKOMEK109 – мен үшін қалалық трансформацияның тірі зертханасына айналды.
– Демек, ғылыми тәсіл нақты тәжірибеге ендіріліп отыр ғой?
– Иә, менің жұмысым тек шешімдерді енгізу емес – біз оларды алдымен жобалаймыз, валидизациядан өткіземіз, сосын масштабтаймыз. Мен GITEX Global (Дубай) және Astana International Forum секілді халықаралық алаңдарда жасанды интеллект пен Smart City секцияларында біздің тәсілдерімізді таныстырдым. Онда біз цифрлық этика, жасанды интеллектіні реттеу, қауіптерді бағалау секілді мәселелерді жетекші сарапшылармен бірге талқылаймыз. Бұл принциптерді біз қалалық ортада нақты іске асырып отырмыз.
– Алдағы уақытта iKOMEK109 қандай даму бағыттарын көздеп отыр?
– Бүгінде мемлекеттің цифрлық күн тәртібі жасанды интеллектіні ендіруге бағытталған. Біз де бұл бағытты iKOMEK109 үшін стратегиялық маңызды деп есептейміз. Қазіргі таңда өтініштерді автоматты түрде жіктеу және бағыттау үшін ЖИ алгоритмдерін сынақтан өткізіп жатырмыз. Бұл операторларға түсетін жүктемені азайтып, жауап беру жылдамдығын арттырып, қаланы болжау арқылы басқаруға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, соңғы жылдары біз Қазақстанның өңірлерімен тәжірибе бөлісіп келеміз. Кездесулер өткіземіз, кеңес береміз, әріптестерге өз өңірлерінде осындай ситуациялық орталықтардың үлгісін құруға көмектесеміз. Біздің міндет – тек көшбасшы болу емес, ел көлемінде бірыңғай цифрлық әрекет ету экожүйесін қалыптастыру.
Біз сонымен бірге техникалық база мен бағдарламалық қамсыздандыруды жүйелі түрде жаңартып келеміз. Бұл – серверлік инфрақұрылым, бейнебақылау жүйелері, сондай-ақ мобильді қосымша мен инциденттерді басқару платформасы. Технологиялық жаңару – ешқашан тоқтамайтын процесс. Біз әрдайым iKOMEK109-дың тиімділік эталоны болып қала беруіне ұмтыламыз.
– Асқар Боранбайұлы, мазмұнды сұхбатыңыз үшін алғыс айтамыз. Сіздің тәжірибеңіз, жүйелі ойлау қабілетіңіз бен ғылыми көзқарасыңыз Астана қаласындағы ғана емес, бүкіл ел бойынша цифрлық сервистің сапа стандартының қалыптасуына үлес қосады деп сенеміз.