Қазақстандағы ең ірі ұялы байланыс операторы Kcell-ге қатысты монополияға қарсы тергеу басталды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Бұл ақпарат Kcell компаниясының Қазақстан қор биржасында (KASE) жарияланған қаржылық есебінде айтылған. Онда биылғы 29 қыркүйекте Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті Kcell компаниялар тобына қатысты ресми тергеу бастағаны жазылған.
Антимонополиялық орган компанияны SMS-хабарлама қызметі нарығында тұтынушылардың құқығын шектеді деп күдіктенеді.
«Компания реттеуші органның ескертуін орындамағаны үшін тексеріледі. Тергеу 2023 жылдың 1 қаңтары мен 2024 жылдың 30 қыркүйегі аралығын қамтиды. Бәсекелестікті қорғау агенттігінің пікірінше, Kcell SMS-хабарламаларды (A2P SMS) жіберуде ішкі трафиктің орнына негізсіз халықаралық трафик тарифін қолданған болуы мүмкін», – делінген есепте.
А2Р SMS (Application-to-Person) бұл банктер, мемлекеттік органдар, маркетплейстер, түрлі сервистер мен дүкендер сияқты ұйымдар тұтынушыларға жіберетін автоматтандырылған SMS-хабарламалар. Байланыс операторлары мұндай хабарламаларды ішкі немесе халықаралық трафик тарифімен есептейді. Әрине, халықаралық тарифтің бағасы әлдеқайда жоғары.
Қарапайым тілмен айтқанда, Kcell ішкі нарықтағы SMS-хабарламаларды әдейі халықаралық тарифпен есептеп, қызмет ақысын қымбаттатуы мүмкін.
Одан бөлек, қаржылық есепте Kcell компаниясы 9 қазан күні «Нұрбанкке» 4 миллиард теңге көлеміндегі несиесін мерзімінен бұрын өтегені көрсетілген.
Айта кетерлігі, биыл тамыз айында сот компанияға қатысты бұған дейін басталған тағы бір тергеуді тоқтатқан болатын. Ол кезде оператор «нарықта баға келісімін жасады» деген күдікке ілінген еді.

