Алматы әуежайында қызметкерді құтқарған Мұса Әбдірайым пікір білдіріп жатқан оқырмандарға жауап берді. Бірі оны батыр десе, енді бірі қойылым кейіпкері деп атаған, — деп хабарлайды Ertenmedia.kz smartnews.kz-ке сілтеп.
ZTB-ға берген сұхбатында Мұса Әбдірайым қолдау мен сынды қалай қабылдағанын айтты.
«Әркім әртүрлі айтып жатыр. Бірі шексіз алғысын білдіріп жатыр. Ал енді бірі жағымсыз пікірлер жазып жатыр. Бұған не айтасың? Бәрін Алла көріп тұр. Біреудің аузына қақпақ бола алмайсың. Кім не айтқысы келсе де өз еркі. Менің де басым екеу емес қой. Кейбіреулер кино деп жатыр екен. Қайдағы кино? Мұндайды түсіру қиын ғой. Ақылға қонбайды», — деді ол.
Дегенмен өзін қолдап жатқан жандар да аз емес екенін алға тартты.
«Қоғам тарапынан қолдау көп. Президенттің өзі марапаттады. Бәріне алғысым шексіз. Мен үшін ең маңыздысы – бойжеткеннің аман қалғаны. Сол ой маған жылулық сыйлайды. «Қыздың орнына мені кепілге алыңыз» дегенде де оның соңы қалай болады, не болады дегенді ойламаппын, — деді Мұса Әбдірайым.
Оқиғаның мән-жайы
7 наурызда Алматы әуежайында қолында суық қаруы бар ер адам қызметкерді кепілге алды. Желіде әуежайда түсірілген видео тарады. Кадрлардан қолында пышағы бар ер адам қыздың шашынан ұстап алғанын байқауға болады. Оқиға ішкі терминалда болған.
Әуежайдың баспасөз қызметі мәліметінше, ер адам өзін жолаушы ретінде көрсетіп, рейс алдындағы қауіпсіздік аймағына жақындаған. Қызметкерлер одан құжатын сұраған кезде ол қызметкерді пышақпен қорқытқан. 7 минуттан кейін шабуылдаушы ұсталды. Ол қамауға алынды.
Кейін Президент Алматы әуежайындағы оқиғаға қатысты батыл азаматты марапаттады.