Кейінгі кезде көлікті бес минуттан артық қыздырғандарға айыппұл салынатыны туралы ереже қоғамда қызу талқыға түсті. БАҚ-та көлікті бес минуттан артық қыздыруға заңда тыйым салынбағаны туралы ақпарат тарады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты, заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Бақытжан Базарбек мәлімдеген. Ол комитет тиісті түзетулер енгізгенін, оған сәйкес осындай нормаларды жергілікті өкілді органдар – мәслихаттар бекіте алатынын атап өтті, деп хабарлайды ErtenMedia Ulysmedia.kz-ке сілтеп.
— Сіздер (мемлекеттік органдар) заңда “бес минут” деген түсініктің жоқ екенін түсіндірулеріңіз керек еді. Осылай шулатып жіберген өздеріңіз, қазір бүкіл халық бес минут туралы айтып жүр. Мұны ішкі істер министрлігі мен басқа да мемлекеттік органдар бірігіп түсіндіруге тиіс еді. Ал қазір түсіндіру жұмыстарының жүргізілмеуінің салдарын көріп отырмыз. Көптеген адам осы мәселені хайпқа айналдырып жіберді, – деді депутат.
Өз кезегінде ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха бес минут туралы норма жол қозғалысы туралы заңда «тоқтап тұру» мен «тұрақ» ұғымдарын ажырату үшін қолданылғанын айтады.
— Қозғалтқышты қыздыру туралы заңда бес минут деген талап жоқ. Егер тұрғындарға қолайсыздық тудырып, кедергі жасайтын болса тек механикалық көліктердің қозғалтқышы қосулы күйде елді мекендердің арасында тоқтап тұруына тыйым салынады. Бұл норма бойынша тек шағым түскен жағдайда жауапкершілікке тартылады. Өткен жылы осындай үш жағдай болды, оның біреуін прокуратура тоқтатты. Яғни, қозғалтқышты қыздырғаны үшін ешкімге айыппұл салынған жоқ. Бұл – қолдан жасалған проблема», – деп сендірді вице-министр.
Айта кетейік, Қазақстанда тұрғын аймақтарда қозғалтқышы қосылып тұрған көлікті қоюға тыйым салынған. Қозғалтқышы қосулы көлікті 5 минуттан артық тұраққа қойғаны үшін 5 АЕК (19 660 теңге) мөлшерінде айыппұл қарастырылған, ал қайталанған жағдайда 10 АЕК (39 320 теңге).