Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев халыққа қаражатты қалай үнемдеу керектігі туралы кеңес берді, — деп жазады Ertenmedia.
«Несие алмаңдар, iPhone 14, 15, 16 сатып алмаңдар. Сондай-ақ тауарды бөліп төлеу (рассрочка) жолымен алуға да әуес болмау қажет. Яғни, жарнаманың жетегінде кетудің қажеті жоқ. Жәрмеңкелерге барып, барынша үнемдеген дұрыс.
Қазіргі таңда «Аманат» партиясының бастамасымен «Қоғам қарызсыз» жобасы іске асып жатыр, сол жерде толық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Көптеген жас отбасы кешкі уақытта кино көруге немесе кітап оқуға чипсы, кока-кола секілді дүниелерді пайдаланғанды жөн көреді.
Біріншіден, бұл денсаулыққа зиян, екіншіден – артық шығын. Мұндай нәрселерге айына 150-200 мың теңге кетеді. Менің ойымша, халықты үнемшілдікке үйретудің қажеті жоқ, олар бізден жақсы біледі», – дейді депутат.
Айта кетсек, бұған дейін Тоқаев Үкіметтің негізгі реформалық қадамдарын жариялағанын, алайда оларды жүзеге асыру үшін күрделі, бірақ аса маңызды шешімдер қабылдау керектігін атап өткен.
«Мемлекеттік аппараттың кәсібилігі мен жауапкершілігі дәл осындай сын сәттерде көрінеді. Үкімет барынша үнемдеу режимін қамтамасыз етіп, қаржыны тек ең қажетті салаларға бағыттауы керек. Ендігі жерде бізге белді буып, өз мүмкіндігімізге қарай өмір сүретін уақыт келді», – деген болатын Президент.