Әр сөзі қоғамда дүмпу туғызып, әр пікірі ел-жұрттың аузында жүретін белгілі режиссер Ермек Тұрсынов Қазақстаннан кетуге мәжбүр болды деп жазады Ertenmedia.kz.
Тұрсыновтың айтуынша, бұған себеп соңғы жылдары мәдениет саласында болған жүйесіздік, биліктің қыспағы мен өзіне қарсы ұйымдастырылған қуғын-сүргін.
Тұрсынов елден кету себебін түсіндірген жазбасында бұл шешімінің біреуге жағуы мүмкін екенін, ал енді біреулердің ренжуі немесе сынауы ықтимал екенін айтады.
«Мұның бәрі көңілге кірбің ұялатады, бірақ амалсыздан осындай шешім қабылдадым. Шындығында, мені елден қуып шықты деуге болады», – дейді режиссер.
Оның айтуынша, соңғы бірнеше жылдағы мәдениет министрлерінің ауысуы және олардың қабылдаған шешімдері оның шығармашылық қызметіне тікелей кедергі келтірген.
Тұрсыновтың сөзінше, бәрі экс-министр Ақтоты Райымқұловадан басталған.
«Бұрын да айтқанымдай, бізде мәдениет мәселесі ешқашан назарда болмаған. Бірақ Райымқұлованың министр лауазымына тағайындалуы мүлдем қисынсыз болды. Ол кісінің мәдениетке қатысы шамалы еді. Билікке кездейсоқ, бірақ ыңғайлы адамдар керек қой», – дейді ол.
Режиссердің пікірінше, Райымқұлова билік элитасымен тығыз байланыста болғандықтан, жоғары лауазымға кездейсоқ келіп қалған.
«Министр бола сала, «Қазақфильмнің» сол кездегі басшыларын алдап, жұмыстан кетіріп, орнына өз адамдарын отырғызды. Ұлттық киноны қолдау орталығының басшылығына отбасыға жақын Гүлнәр Сәрсенованы қойды. Кейін оған қатысты қылмыстық іс қозғалып, ірі көлемде ақша жымқырғаны анықталды. Бірақ бұл іс те жабылып қалды. Бәрі әдеттегідей – аудан деңгейіндегі ОПГ секілді цирк-шапито», – деп ашынды режиссер.
Ақтоты Райымқұловадан кейін министрлікке келген Дәурен Абаев туралы Тұрсынов ерекше тоқталған.
«Абаев – жақсы жігіт. Спортпен айналысады, адам ретінде жаман емес. Бірақ министр болып келгенде жағдай одан бетер шиеленісіп тұр еді. Киногерлер наразылық білдіруге дайындалған соң, ол мені шақырып алып, «шынымен бәрі соншалықты нашар ма?» деп сұрады. Мен «иә» деп жауап бердім. Кейін Абаев кино мамандарымен кездесіп, барлық мәселені шешуге уәде берді. Бірақ сол кездесу – оны соңғы рет көруім болды. Кейін оны Ресейге елші етіп жіберді. Қазір ойлап отырсам, ол тағайындалуын алдын ала білгендіктен ғана, уәдесін оңай бере салған екен», – дейді режиссер.
Абаевтың орнына Асхат Оралов министр болып келген. Бірақ оның да мәдениетке тигізген пайдасын көре алмапты.
«Ораловпен алғаш Мұрат Әуезовтің туған күнінде кездестік. Ол сол жерде барлық зиялы қауымның алдында маған уәде беріп, Кино үйін жөндетемін деді. Кейін Астанадағы фильмімнің премьерасында кездесіп, сол уәдесін тағы қайталады. Бірақ ештеңе істелмеді, тек құрғақ сөз қалды», – деп есіне алады Тұрсынов.
Ермек Тұрсыновтың айтуынша, министрлік тізгінін ұстаған Ақпарат және қоғамдық даму министрі болған Аида Балаева жағдайды одан сайын ушықтырып жіберген.
«Балаева келген бетте менің «Бесмойнақ» фильмімді көрсетілімге шығаруға тыйым салды. Фильмде президентті қорлау мен мемлекеттік құрылымды төңкеруге әрекеттенген тұстар бар деген талаппен, фильмді қайта монтаждауды талап етті. Мен бас тарттым. Нәтижесінде фильм сөреде қалды. Осыған ұқсас жағдай «Келін» фильмі кезінде де болған. Ол кезде америкалық киноакадемия фильмді «Оскардың» шорт-листіне енгізіп, халықаралық беделі ғана құтқарып қалған еді», – дейді режиссер.
Режиссердің пікірінше, осыдан кейін оған қарсы жоспарлы ақпараттық шабуыл басталыпты.
«Әлеуметтік желілерде мені «жемқор», «ұрлықшы», «талантсыз режиссер» деп айыптайтын мақалалар тарай бастады. Фильмдеріме миллиардтаған ақша жұмсалды деген жалған ақпарат шықты. Ал шын мәнінде мен түсірген барлық фильмдердің бюджеті бір «Томирис» фильмінен екі есе, ал «Қазақ хандығынан» төрт есе аз», – деп нақтылайды режиссер.
Содан кейін «Қазақфильмге» Антикор тексерісі кірген. Тергеушілер режиссердің барлық фильмдерін қайта тексеріп, ештеңе таппаса да қысымды күшейте түскен.
Тұрсыновты қатты күйзелткен оқиға – досы Мұрат Әуезовтің өлімі болған. Министрлік бастапқыда Мұрат Әуезовті әкесінің атындағы театрдан шығарып салуға тыйым салып, кейіннен «ерекше жағдайда ғана рұқсат етеміз» деп әзер келіскен.
«Бұл – биліктің мәдени және тарихи жадыдан ажырағандығының нақты көрінісі», – деп санайды Тұрсынов.
Бұдан кейін режиссердің өзі жазған 15 томдық жинақты кітапханаларға сыйлау шарасы да министрліктің тыйымына ұшыраған. Ұзақ келіссөзден кейін ғана кітап таратуға рұқсат берілген, бірақ соның салдарынан Ұлттық кітапхана директоры Бақытжамал Оспанова қызметінен кеткен.
Жуырда өткен авторлық кешінде театр директоры «әзілді абайлап айтуын» өтінген. Тіпті продюсері Қанат Төребайдың үйіне Антикор тексеру жүргізіп, режиссер туралы түрлі сұрақтар қойған.
«Бұл қысым бұрынғыдан да күшейді. Елде тыныстаудың өзі қиын болып кетті. Ауэзов секілді тұлғаларды лайықты шығарып салуға мүмкіндік жоқ, кітапты өз еркімізбен сыйлауға рұқсат жоқ, фильм түсіруге болмайды, концерт өткізуге кедергі бар. Билік абсурдты қалыпты жағдайға айналдырды», – деп қорытындылайды режиссер.
Осы себептердің бәрін жинақтай келе, Ермек Тұрсынов Қазақстаннан кетуге шешім қабылдаған. Ол елден шығарда көшелерде ілінген әнші Ольга Бузованың жарнамасын көргенін айтады.
«Бұл да заңды. Ел ақырындап құрдымға кетіп барады. Ал мен мұның бәріне қатысқым келмейді. Қатыспаймын да», – деп түйіндеді Ермек Тұрсынов.
Оның айтуынша, егер жағдай осылай жалғасса, бұл – ұлттың рухани күйреуіне апаратын жол. Тұрсыновтың ойынша, мұндай жағдайға биліктің өзі жауапты.
Қазіргі уақытта режиссер Қазақстаннан біржолата кетіп қалғанын және бұл шешімге еш өкінбейтінін ашық айтады.