Қазақстан бір ғана 2025 жылдың алғашқы тоқсанында 965 миллион кибершабуылға ұшыраған. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров мәлім етті деп хабарлайды Ertenmedia.
Оның айтуынша, осы шабуылдардың 3,5 мыңнан астамы елдің стратегиялық маңызды нысандарына бағытталған. Әлемжеліде де тұрақты түрде ақпараттық шиеленіс тудыратын әрекеттер жиілеп кеткен.
«Қазақстанға жасалып жатқан кибер және ақпараттық шабуылдар жүйелі сипат алды. Бір анығы мұндай шабуылдың артында қомақты қаржы тұрғаны. Мүмкін, сіздер анықтай алмай жүрген қылмыстық ақшаның бір бөлігі дәл осы мақсатқа бағытталып жатқан шығар», – деді Сайыров мәселені «ескі Қазақстанға» сілтеп.
Депутат Қаржы мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесовтен, осыған байланысты халықаралық деңгейде жасалған келісімдердің тиімділігі жайлы сұрады.
Елемесовтің айтуынша, қазір халықаралық орталық құрылып жатыр. Оның негізгі міндеті әр мемлекетте тіркелген киберқауіп-қатерлерді жинақтап, талдау жүргізу.
«Орталық әр елде болған оқиғаларды саралап, ортақ қорытынды жасайды. Қандай да бір сектордағы қауіп бір мемлекетте байқалса, екінші мемлекетте де қайталануы мүмкін. Бізге сол қатерлерді дер кезінде анықтап, тиісті елдерге хабарлау маңызды», – деп жауап берді агенттік өкілі.
Сайыровтың әріптесі Ермұрат Бапидің айтуынша «50-дің ар жақ-бер жағындағы «ескі Қазақстан» өкілдері жоспар құрып жатыр».
«Бұл күштің әлеуеті де, қаржылық-материалды жағдайы да, адами ресурсы да күшті, қазіргі технологияны, интернет ресурстарды пайдалану мүмкіндігі де жоғары. Сондықтан бұл күштерді назардан шығаруға болмайды», — деген еді депутат Orda life-қа берген сұхбатында.
Айтуынша, Тоқаевқа қарсы әрекеттің астарында зығырдан жатыр, өшпенділік, кек алушылық жатыр. Қайткенде де осы билікті құлатып, орнына әлдебіреулердің келуіне ықыласты топтар бар.
«Бұл жерде қауіп қылып айтқаным: қазір Ескі Қазақстан технологияны пайдаланып, коммуникацияны пайдаланып, осындай әрекеттерді бастап жатыр. Нақты тұлғалардың атын атап, түрін түстемей-ақ қояйын. Олардың арасында 50-дің ар жақ-бер жағындағы (Дариға? ред.) жастары бар . Олар биліктен кеткенімен, үйінде бос жатқан жоқ», — деген болатын Бапи.
Айта кетейік, бұған дейін «ҚазМұнайГаз» компаниясы өз жүйесіне ресейлік хакерлердің шабуыл жасағанын жоққа шығарған болатын. Ertenmedia-ға осы жайында егжей-тегжейлі жазған еді.
ҚМГ-ға жасалған шабуыл: ресейлік хакерлер мұнай алыбының жүрегіне қалай жол тапты