Қазақстан мен Иран арасындағы қарым-қатынас жаңа деңгейге көтерілмек. Астанаға алғаш рет табан тіреген Иран президенті Масуд Пезешкианмен кездесуде екі ел арасындағы өзара мүдделі мәселелер кеңінен талқыланды, деп жазады Ertenmedia.
Ақордада өткен басқосуда презилент Тоқаев Иранды Қазақстанның көршісі ғана емес, Каспий аймағындағы сенімді стратегиялық әріптесі деп атады. «Көрші тату болса құт» деген халық даналығын тілге тиек еткен Мемлекет басшысы былтырмен салыстырғанда биылғы он айда сауда-саттық көлемінің 40 пайызға артқанын айтты.
Өз кезегінде Иран басшысы Пезешкиан Астанаға сапары екі ел арасындағы байланыстарды бекемдеп, жаңа белеске бастайтынына сенім білдірді.
Келіссөздің негізгі бөлігінде сауда мәселесі сөз болды. Бұған дейін екі мемлекет өзара тауар айналымын 3 миллиард долларға жеткізуді жоспарлаған еді. Қазақстан жақын арада Иран нарығына жалпы сомасы 200 миллион долларлық өнім шығармақ. Тегеран қаласында арнайы Сауда үйін ашу туралы ұсыныс та мақұлданды.
Қазақстан аумағындағы бірқатар жобаға ирандықтар инвестиция салып отыр. Қазірдің өзінде Алматы облысында ірімшік өндіретін зауыт, ал Батыс Қазақстан облысында тері өңдейтін ірі кәсіпорын салынып жатыр.
Сонымен қатар, екі ел арасындағы көлік дәлізі де назардан тыс қалмады. «Солтүстік – Оңтүстік» бағытындағы көлік дәлізі мен Қазақстан – Түркіменстан – Иран бағыты бойынша жүк тасымалын арттыруға күш салынады. Бұған қоса Каспийдегі порт инфрақұрылымын жаңарту мәселесі көтерілді.
Келіссөз соңында маңызды бірнеше келісім мен меморандум қабылданды. Соның ішінде құқықтық көмек көрсету, автокөлік тасымалы, интеллектуалдық меншік, денсаулық сақтау және мәдени байланыс бойынша құжаттарға қол қойылды.
Саясаттанушы Ғазиз Әбішев Иранмен серіктестік Қазақстан үшін экономикалық тұрғыда да, стратегиялық тұрғыда да аса маңызды екенін айтады. Әсіресе, ұзақ жыл бойы санкция астында өмір сүрген Иран тәжірибесін зерттеп-зерделеу артық болмайды.
«Иранның санкция жағдайында өзін қалай сақтағанын, сыртқы нарыққа тәуелділікті азайтып, ішкі өндірісті қалай дамытқанын үйренуіміз керек. Бұл санкцияға дайындалу емес, керісінше кез келген қысымға төтеп берудің тиімді жолын үйрену деген сөз», – дейді Әбішев. Оның айтуынша, Иран ресурсы мол, транзиттік мүмкіндігі зор мемлекет. Егер Тегеран ірі державалармен ортақ тіл табысса, онда өңірлік ықпалы еселене түседі.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.

