Перизат Қайрат ісіне қатысты сот отырысында прокурорлар су тасқынынан зардап шеккендерге жиналған қаражаттың қалай талан-таражға түскенін егжей-тегжейлі баяндап берді деп жазады Ertenmedia.
Прокурор Арман Кезекеннің айтуынша, Перизат Қайрат пен анасы Ғайни Алашбаева су тасқыны сияқты төтенше жағдайды пайдаланып, халықтың сеніміне кірген.
«Перизат Қайрат пен Ғайни Алашбаева халықтың сол кездегі көңіл-күйін, дүрбелеңді пайдаланып, алдын ала сөз байласу арқылы өзге тұлғалармен бірігіп, ірі көлемде ақша жымқырған. Олар қайырымдылық көмегін көрсетеміз деген желеумен елдің сенімін өз мақсатына пайдаланған», – деді прокурор сот отырысында.
Айыптау мәліметіне сүйенсек, жалпы алғанда Перизат Қайраттың бақылауындағы қорға халықтан 2,8 млрд теңге жиналған. Алайда бұл қаржының небәрі 920 млн теңгесі ғана нақты көмекті қажет ететін тұрғындарға жеткен.
Қалған 1,9 миллиард теңге Перизаттың ішіп-жеміне жұмсалып, заңсыз жолмен қолма-қол ақшаға айналдырылған.
Тергеудің тұжырымынша, Перизат әлгі ақшаны заңдастыру үшін арнайы жоспар құрыпты. Ол жоспар бойынша:
Ақшаны қолма-қолға айналдыру үшін жеке кәсіпкерлерді тартқан;
Қордың қаржысы кәсіпкерлердің шотына «Қытайдан тауар жеткізу», «киіз үй сатып алу», «арнайы киім әкелу» секілді жалған келісімшарт арқылы аударылған;
Қолма-қол ақшаға айналған қаражатқа жылжымайтын мүлік, қымбат көлік және бағалы заттар сатып алынған;
Сатып алынған мүліктің бір бөлігі Ғайни Алашбаеваның және аты аталмаған тағы бір туысының атына тіркелген.
Прокурор атап өткендей, кәсіпкерлер жоспардың заңсыз екенін білмеген. Олар тек ақшаны қолма-қолға айналдыруға көмектескені үшін аударылған соманың 3-4,5 пайызын сыйақы ретінде алып отырған.
Сонымен қатар, қаржы аударымдары әрқайсысы 73 миллион теңгеден (20 мың АЕК) аспайтындай етіп бөлшектелген. Бұл әдіс салық органдарының назарына ілікпеу үшін жасалған.
Қазір сот процесі жалғасуда. Перизат Қайраттың өзі айыпты мойындамай, мұны тергеу органдарының «ойдан шығарған оқиғасы» деп отыр.