Мемлекеттік кеңесші кешелі бері өршіп тұрған мемлекеттік тілге қатысты дауға пікір білдірді деп жазады Ertenmedia.kz.
Ерлан Қариннің атап өткеніндей, билік әлемжелілерде қазақ тілінің мәртебесіне қатысты әртүрлі пікір айтылып, қызу талқының тақырыбына айналғанын көріп, біліп отыр.
Мемкеңесші қазақтілді аудиторияның осы тарапта ой бөліскенін, көзқарасын ашық білдіргенін құптайды.
«Бірақ «билік қазақ тіліне қиянат жасады» деу – бос әңгіме, даурықпа сөз. Аттанға салып, айғайға басып, жоқ жерден шу шығаратындай ештеңе болған жоқ.
Мемлекеттің тілге қатысты ұстанымы сол қалпы. Қазақ тілін еліміздегі этносаралық қатынас тіліне айналдыруға қатысты бағытынан айнымай, өз арнасымен тұрақты түрде жалғаса береді.
Ассамблея сессиясында Президент осыны тағы да анық айтты», — дейді Ерлан Қарин.
Оның пайымдауынша, қазақ тілінің болашағына қатысты пессимистік ойдан арылатын уақыт жетті. Керісінше, қазақ тілінің қоғамдағы рөлі жыл өткен сайын артып келеді. Ең бастысы, қазақ тілі – жастардың тіліне айналуда. Жас ғалымдар, өнерпаздар, кәсіпкерлер ана тілімізді кеңінен қолданып, өз бағыттарында барынша дамытып жатыр.
Сөй деген Қарин:
«Демек «қазақ тілінің болашағы жоқ» деп айту ешқандай қисынға келмейді. Бірақ бұл жерде бір нәрсені түсінуіміз керек: мемлекеттік тілдің мәртебесі «ұр да жық» әдіспен өспейді.
Қазақ тілін қалқан етіп популистік әрекетпен айналысуға болмайды. Нағыз тілге жанашыр адам бұлай жасамайды. Және қазіргідей алмағайып заманда мұндай әрекеттер елдегі жағдайға зиянын тигізуі мүмкін.
Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру нақты жоспармен, жүйелі жұмыспен атқарылады. Сондықтан туған тіліміздің тамырын тереңдету ісін алдағы уақытта да ақыл-парасатпен атқаруға тиіспіз», — дейді.
Мемкеңесші сөзінің тоқ етерінде, елімізде ұлттық бірегейлікті дәріптейтін ауқымды бастамалар қолға алынып жатқанын тілге тиек еткен екен.
«Ұлттық мерекеміз Наурыз жаңаша сипат алып, өзгеше аталып жатыр. «Ұлттық киім күнін» қоғам өте жылы қабылдады. Биыл алғаш рет өткен «Ұлттық кітап күні» де халқымызға пайдалы бастаманың бірі болмақ. Осылай бәрі бірте-бірте ретке келеді», — дейді осы орайда Ерлан Қарин.